Байзақ ауданы тұрғындарының 99 пайызы газға қосылды

0 17

Байзақ ауданының Ақшолақ ауылына көгілдір отын берілді. Газ  құбырының іске қосылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ақшолақ ауылында 800-ден астам халық тұрады. Көгілдір отын құбыры 170 ауланы қамтыды. 9,5 шақырымдық газ құбырын тарту жұмыстарын мердігер «Jana KZ Qurylys» ЖШС жүргізген.

– Тәуелсіздік алғалы үш он жылдықтың ішінде Қазақстан өркендеп, дамушы елге айналды. Елбасының салиқалы саясатының арқасында барлық қиындықты бірге еңсере отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басып келеміз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын біз толайым табыстар мен жарқын жетістіктермен қарсы алып отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, газдандыру мәселелері шешіліп, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, жолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.

Мұның жарқын мысалы – Ақшолақ ауылы. Тұрғындар әлеуметтік желілерде өтініш қалдырып, газ тартуды сұраған болатын. Ауылды табиғи газға қосу туралы уәдеміз жыл соңына дейін орындалды. Келесі жылы Байзақ ауданының тағы бір ауылына газ құбыры тартылады. Осылайша, аудан тұрғындары көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

2025 жылға дейін барлық ауылдар ауыз суға және көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, аймақ экономикалық өсімнің оң динамикасын сақтай алды. Біздің басты мақсатымыз – экономиканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу. Ол үшін баршамыз жұмыла еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз керек, деді Б. Сапарбаев.

Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Енді көмір тасып, пеш жақпайтын болдық. Мемлекет және облыс басшылығына алғысымызды білдіреміз,дейді ауыл тұрғыны Төлеу Ақшабаева.

– Осы ауылда тұрып жатқаныма 70 жыл болды. Осындай қамқорлық пен ілтипат үшін облыс әкіміне, «Nur Otan» партиясына ақшолақтықтардың атынан алғыс айтамын. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! – деді Әубәкір Папиев ақсақал.

Биыл Байзақ ауданындағы 3 елді мекенге газ құбыры қосылды. Соның нәтижесінде газдандыру үлесі 99 пайызға дейін артты.

Айта кету керек, ағымдағы жылы Жамбыл облысында барлығы 20 елді мекеннің 16 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылып, халықты газдандыру деңгейі 88,6 пайызға жетті.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.