«Antikor» орталығында өскелең ұрпақтың бойында адалдық құндылықтарын қалыптастыруда мектептің маңыздылығы туралы Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры, шебер педагог, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Қаламқас Тілеубаеваның қатысуымен тікелей эфир өтті
Эфирде спикер балаларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу, олардың рухани бай, саналы болып өсуіне атсалысатын ортадағы негізгі процесске тоқталды.
«Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың хас жауы» деп ғұлама Әл-Фараби айтқандай, мектеп – тәрбие ордасы. Баланың бойында адамгершілік қасиеттің қалыптасуы үшін мұғалім үздіксіз жұмыс істейді. Тәрбиенің барлық элементтерін сабақ беру процесінде ұштастырып, балаға бағыт-бағдар береді. Оқушының бойында адамгершілік, сыйластық, бақыт, төзімділік, сүйіспеншілік, татулық пен бірлік сияқты құндылықтарды дамытуда ата-аналармен де бірге жұмыс істейміз. Мектепте «әкелер клубы», «аналар клубы» жұмыс істейді. Білім мен тәрбие процесі педагогикалық кеңесте талқыланып отырады,» деді Қаламқас Қалиқызы.
Эфирде спикер мектеп жасындағы балалардың смартфондар мен түрлі ойындарға әуестігі туралы айтып, олардың салдарын алдын алудағы жұмыстарға тоқталды.
«Қоғамда тәрбиеге кесел келтіріп отырған жағдайлар да бар. Интернеттегі түрлі ойындар, аз мөлшерде ақша салып, желіде ойын ойнау сияқты жағдайлардан балалар келеңсіздікке тап болып жатады. Ұялы телефондарды орынсыз пайдалану баланың тәрбиесіне белгілі бір деңгейде кері ықпалын тигізеді. Осы жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар конференциясы өткізіліп, жағдайды үнемі назарда ұстаймыз,» деді мектеп директоры.
Мектептің жұмысы мен білімді ұрпақ тәрбиелеуде – кадр мәселесі маңызды деген спикеріміз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мықты мамандарды іріктеп алуға себепкер болды, сондай-ақ, мұғалімдердің жыл сайын жалақыларының өсуі өндірістегі мамандардың білім ордасына келуіне әсер еткенін атап өтті.
Сондай-ақ, эфирде Қаламқас Қалиқызы білім беру ұйымындағы «Адал ұрпақ» жобасының маңыздылығына тоқталды.
«Адал ұрпақ» жобасы аясында түрлі тақырыпта сынып сағаттары өтеді. Оқушыларға сұрақ қойылып, олармен диалог орнатылады. «Адалдық дүкенінде» сауда жасаудың принциптері түсіндіріп, бағыт беріп отырамыз. Мектебімізде 200-ден аса оқушы осы клубқа мүше,» деді Қаламқас Тілеубаева.
Шебер педагог баланы ашықтық пен ойын еркін жеткізуге тәрбиелеу маңызды деп пікірін жеткізді.
«Мектептерде пікірсайыс бағытындағы шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Ақшұқыр мектеп-лицейінде дебат ойындарын өткізу жолға қойылған. Пікірсайыста жақтаушылар да, даттаушылар да тақырыпты барынша ашуға тырысады. Бұл көріп отырған адамға әсер етеді деп есептеймін. Балаға өмірлік құндылықтарды сахналық қойылымдар арқылы жеткізуге болады,» деді педагог.
Эфир соңында спикеріміз ортақ мүдде үшін қызмет атқарып жүрген әріптестеріне сәттілік тіледі.