Жаппай тәртіпсіздікктен жапа шеккен кәсіпкерлердің шығыны қайтарылады. Үкіметке тез арада бизнес өкілдеріне нақты қанша шығын келтірілгендігі туралы құжаттарды жіберу қажет. Ол үшін келтірілген шығын көлемін есептеу бойынша бағалау компаниялары нақты шығын көлемін есептеп берулері тиіс.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Механизмге сәйкес, залалды өтеу туралы өтініштерді өңірлік комиссиялар күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды екен. Өтініш мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеуге InfoKazakhstan.kz платформасында электрондық өтініштерді қабылдау басталды. Біздің байланыс орталығымызға 2022 жылғы тәртіпсіздіктер кезінде келтірілген залалдың орнын толтыру мәселелері бойынша кәсіпкерлерден сұрақтар келіп жатыр. Сол себепті бизнестің жиі қоятын сұрақтарына жауап берсем. Зардап шеккен ШОБ (шағын және орта бизнес) субъектілері әкімдік бекіткен бағалау компанияларының біріне жүгінуі қажет. Жаппай тәртіпсіздіктерден жәбірленуші деп тану туралы қаулы негізінде бағалау компаниясы өтініш беруші үшін тегін қызмет көрсетеді», — деп түсіндірді Еркін Садуахасұлы.
Оның сөзінше, әрбір зардап шеккен жылжымайтын мүлік объекті бойынша жеке өтінім беру қажет. Егер 3 дүкеніңіз болса және олардың 2-еуі зардап шеккен болса, сізге 2 өтінім беру керек.
«Тараз қаласы бойынша 135 млн. 680 мың теңге сомасына 31 кәсіпкер нысанының мүлкі зардап шекті. Олардың тізімінде «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы», «Эврика», Goodmaker ЖШС-лары, Technodom Operator АҚ, «Марат», «M-market», Newtech, «Иванова», «Тартыков» жеке кәсіпкерліктері бар», — деді спикер.