Бүгінгі күнге Тараз қаласында ресми 19 сауда базары тіркелген. Базарлардағы 10600-ден астам сауда орнында 5300-ге жуық тұрғыны жұмыс істейді.
Базарды ұйымдастыру кезiнде ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі, сәулет, құрылыс, ветеринариялық, экологиялық және басқа да талаптар сақталуы тиiс. Өткен жылы өрт сөндіру қызметі базарларға тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде «Ауыл-Береке» базарында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылық 4, «Бек» базарында — 5 және «Мыңбұлақ» базарында 4 фактісі анықталды. Тараз қаласында орналасқан сауда базарларының 8-де («Дәулет», «Жібек жолы», «Арзан», «Салтанат», «Нұралы», «Якка сарай», «Береке», «Ысты») модернизациялау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Өз кезегінде сада орындарының иелері наурыз-сәуір айынан бастайтындықтарын жеткізді.
Ал, жаңғырту сәулеті жергілікті билік органдарымен бекітіп, «Дизайн кодқа» сәйкес келуі қажет. Ал, шаһар басшысы жауапты мамандарға халық арасында ең сұранысқа ие «Ауыл береке» базарындағы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік пен басқа да өнімдердің бағасын бақылап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, аталған базардағы 1402 сатушының жартысында жеке кәсіпкерлік құжаты жоқ. Осыған байланысты жүйелі әрі тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды түгендеп, кассалық аппараттарын орнатуды талап ету қажет деді Ержан Жұматұлы. Ең бастысы — қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету.
Ол үшін барлық сауда орындары мен базарларды заманауи талаптарға сай жаңғырту қажет. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі шаралары мен санитарлық талаптарды сақтау – күн тәртібінде болу қажет. Кездесу қорытындысы осы пікірмен түйінделді.