Халықаралық ана тілі мерекесіне орай белгілі журналист-педагог, облысымыздың түлегі Қанат Әуесбай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалының төрағасы боп тағайындалды, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Қанат Әуесбайды Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалға төраға етіп тағайындады. Журналистикада ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты есімімен танымал әріптесіміз көп жылдар медиа және жоғары білім саласында жемісті еңбек етіп, журналистиканы педагогикамен ұштастырып жүрген білікті маман. Ол бүгінде астаналық «Elorda-Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары боп қызмет етіп жүр.
Қанат Әуесбай әр жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі, шеф-редакторы, «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры, жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінің аға сарапшысы боп табысты қызмет етті. Әл-Фараби қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Л.Гумилев Еуразия ұлттық университетінің доценті, Атыраудағы Халел Досмұхаммедұлы университетінің аға оқытушысы болды.
Қанат Әуесбай БАҚ өкілдері арасынан «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист. Шығыс Англия университетінің түлегі (Ұлыбритания, Норвич қаласы). Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабы авторы.
«ZhambylNews» атынан әріптесімізді құттықтап, зор табыс тілейміз!