Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслиxатының шешіміне сәйкес, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл ауданының әкімі болып Ерлан Қыдыралыұлы тағайындалды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы Жамбыл ауданының жоғары әлеуетін тимді пайдаланып, өңірдің экономикасын көтеруге, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша ден қою керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, ауданның жаңа басшысына әлеуметтік мәселелерді оңынан шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
Ерлан Қыдыралыұлы 1966 жылы туған. Ол Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын және Қазақтың мемлекеттік аграрлық университетін «зоотехния», Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1986 жылы Жамбыл ауданында Крупская атындағы колхозда зоотехник болып бастаған.
Әр жылдары Крупская атындағы колхозда бригадир, меңгеруші, инженер, «Қожагелді» және «Саза батыр» өндірістік кооперативтерінде бас экономист, Жамбыл ауданы Өрнек ауылдық округінің әкімі, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.
2016 жылғы қыркүйектен бастап Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.