Бүгінде «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің теңгеріміндегі 105 су қоймасының 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, 1-еуі экологиялық мақсатқа пайдаланылады. Былтыр бұл су қоймаларына нақты 116 млн. м3 су жиналып, барлығы 8 278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер сумен қамтылған. Қазіргі уақытта су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Айтақов айтып берді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оның мәліметінше, 21 ақпандағы жағдай бойынша аудандарда орналасқан су қоймаларына орта есеппен 51,24 млн. м3 су жиналған. Алайда, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 25 %-ға төмен болып тұр.
«Себебі, өткен жылға қарағанда жауын-шашын 32 %-ға аз болуда және бұл облыстағы каналдардың жөндеу жұмыстарына әсерін тигізуде. Десе де суармалы маусым кезеңіне судың жиналуын 80 %-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы соңғы жылдары біздің аймақта су тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Біздің өңірдің су қорының 80 пайызға жуығы көршілес Қырғыз Республикасына тәуелді. Сондықтан, облысымыздағы ішкі резервтегі су көздерін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған Жамбыл облысының су қоймалары мен тоғандарды қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шара жоспары қабылданған», — деп түсіндірді спикер.
Осы іс-шара жоспарына сәйкес, облыс аумағында қалпына келтірілетін 10 су қоймалары мен бөгеттері және жаңадан салынатын 8 су қоймалар анықталған. Жалпы, бұл су қоймалары қалпына келтірілген және соғылған жағдайда болжаммен облыс көлемінде қосымша 10,65 млн м3 су жиналып 2 411 га суармалы жер алқабы айналымға қайта қосылады.