ТҮБІ БІР ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНА ОРТАҚ ӘЗ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ БАРЛЫҚ ЖӨН-ЖОРАЛҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮР ШЕГІНДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Көптен күткен мерекеге Шу ауданының халықы лек-легімен ағылды. Дана халқымыздың жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында бойға қуат берер жеті түрлі дәнін, сүрленген етін, ағын қосып даярлайтын Наурыз көженің жөні бөлек. Қалыптасқан дәстүрден танбай биылғы жылы да, ошақ-ошақ басына қазан көтеріліп, наурыз көже әзірленді.
Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еріген күнде елдің абзал азаматтары мен ардагер ақсақалдар, тұрғындар жағалай тігілген шатырлардың астына кіріп, ақ дастарханға жайғасып, наурыз көжеден дәм татты. Татулықты ту еткен ауданның мекемелері мен әр сала бөлімдері 5000-ға жуық халықты тойдырып, алғыстарына бөленді.
Бұдан бөлек, астыққа толы қамбасы бар халқымыз «нан бар жерде ән бар» десіп, «Ыстық бауырсақ» акциясын ұйымдастырып, жиналған көпшілікке үлестірді.