Жамбылдық аграрийлер Кәсіподақтар федерациясынан арнаулы аграрлық банктің құрылуына септесуін сұрады

0 11

Жамбыл облысына сапары барысында ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы атындағы ауылында шаруа қожалықтарының еңбек ұжымдарымен кездесті.

Кездесу «Жайық» шаруа қожалығында өтті. Шаруа қожалығының жұмыскерлері 700 гектар алқапқа дәнді дақылдар – бидай, арпа өсіреді. 21 жыл қызмет кеткен «Жайық» шаруа қожалығында алғаш рет бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Аграрлық бастауыш ұйымның мүшелері өз қызметтері және өзекті мәселелер туралы айтып берді.

Олардың сөзінше, соңғы жылдары дихандар егіс жұмыстары басталар кезде өзекті мәселеге жолығуда, ол сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасының сапасының төмен болуы. Қымбат комбайндарды сатып алуға ауыл тұрғындарының қаржысы жетіспейді.

«Біздің шаруа қожалықтарының қызметін бизнес деп атау мүмкін емес. Біздің табысымыз қосалқы бөлшектер мен техникалардың шығынын жаба алмайды. Олар жыл сайын қымбаттап барады. Нарықтағы ұсынылатын ауыл шаруашылығы техникаларының сапасы өте төмен, тіпті екі аптай сайын істен шығып қала береді. Ауыл шаруашылығы дамуы үшін оған қаржы салуға тура келеді», — деді шаруа қожалығының жұмыскерлері.

Олардың пікірінше, агроөнеркәсіп кешенінің субсидиялау бағдарламасы көңіл көншітпейді.

«Қазагроқаржы», «Даму» және екінші деңгейлі банктер мемлекеттен аграрийлерге берілетін ақшадан табыс табатын делдалдар. Бізге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен тікелей жұмыс істейтін арнаулы аграрлық банк керек. Кәсіподақтар федерациясынан осы мәселенің шешілуіне жәрдемдесуін сұраймыз», — деді ҚР КФ басшысына «Жайық» шаруа қожалығының жетекшісі Сейіт Жайықов.

Ауыл шаруашылығы құрылымы қызметкерлерінің айтуынша, ауылдағы тағы да бір өзекті мәселе – кадрдың жетіспеушілігі.

«Ауылда жастар қалмады. Колледждерде механизатор болып оқып шыққан жастар да ауылға қайтқысы келмейді, үлкен қалаларға кетіп қалады», дейді ауыл тұрғындары.

Шаруа қожалығы жұмыскерлерінің талап-тілектерін тыңдап шыққан ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин дихандарға барлық өтініштері республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестерге жеткізілетінін мәлімдеді.

«Сіздер өзекті мәселелерді айта отырып, оның шешу жолдарын да келтіре кеттіңіздер. Ұсыныстарыңызды біз әлеуметтік әріптестеріміз – Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Үкіметімен талқылауға әзірміз. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар тек жоғары деңгейлі кабинеттерде ғана талқыланбауы тиіс, онда егіс алқабында жұмыс істейтін жандардың да пікірі ескерілуі тиіс», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Таяу арада Жамбыл облысы Жуалы ауданының шаруа қожалықтары жұмыскерлері ҚР Кәсіподақтар федерациясына ауыл күнтәртібіндегі нақты мәселелерді жолдамақ.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.