ШУДА 50 ОҚУШЫҒА АРНАЛҒАН МЕДРЕСЕ СОҒЫЛАДЫ

0 23

Аудан әкімі Сәкен Арубаев Қасиетті Рамазан айында аудан орталығындағы Төле би мешітіне бас сұғып, демеушілер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Мешіттің бас имамы Талғат Кәрібайұлының сөзінше, қазіргі кезде мешіттегі балалардың діни білім алатын бөлмесі мен имамның бөлмесі, сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстарын тікелей эфир арқылы жүргізуге арналған орталық және қарауыл бөлмесі мен дәретхана да күрделі жөндеуден өткен екен.
Сондай-ақ, бас имам келесі жылдан бастап имандылық үйінің маңынан сыйымдылығы 50 оқушыны құрайтын қарилар дайындауға арналған медресенің құрылысы басталатынын айтады. «Мұнда 9-11 сыныпты аяқтаған оқушылар үш жыл бойы білім алатын болады. Орталықта оқитын оқушылардың оқуы мен тамағы түгелдей тегін болмақ. Бұл жұмыстардың барлығы ауданымыздағы демеуші азаматтардың көмегімен жасалып жатыр» дейді Т.Кәрібайұлы.

Мешіттегі игі бастамалармен танысу барысында аудан әкімі Түркия мемлекетінің Измир қаласынан келген қари Хусейн Серезлимен пікір алмасты. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шақыртуымен ауданымызға арнайы ат басын бұрған екен. Қари бір ай бойы Шу ауданында болып, Қасиетті Рамазан айында діни білімімен бөліспек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.