Облыстық «Қоғамдық қабылдау» тобының мүшелері бекітілген жұмыс кестесіне сай, Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Топ жетекшісі Қасымхан Төлендиев пен облыстық мәслихат депутаты Уалихан Бекболатов Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: -Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы, саяси реформалардың маңыздылығы, бейбітшілік пен келісімді нығайту, халықтың әлеуметтік – тұрмыстық әлеуетін арттыру мәселелері жан жақты түсіндірді.
Қоғамдық қабылдауға қатысқан ауыл ардагерлері мен тұрғындары өз ой-пікірлерімен бөлісті. Жергілікті қауымдастық кеңестің төрағасы Усейнов Исмаил, ақсақалдар алқасының төрағасы Алдабергенов Исмаил, оның орынбасары Демиров Махмет пен еңбек ардагері Мустафаев Сулхадин ауыл тұрғындарының атынан: ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын, жариялаған реформаларын, «Қаңтар оқиғасына» байланысты атқарып жатқан барлық істерін толық қолдайтынын жеткізді.
Одан бөлек, топ мүшелері Қасқабұлақ ауылындағы орта мектептің, фельдшерлік-акушерлік пунктінің, азық-түлік дүкенінің жағдайымен танысты. Ауызбіршілік татулық пен тұрақтылық орнаған ауылда жастарды тәрбиелеу, еңбекке баулу, бейбіт өмірдің қадірін білуге қатты көңіл бөлінеді.
Жалпы «Қасқабұлақта» проблема жоқ, дегенмен, ауылға газ жүргізу және еліміздегі азық – түлік қымбатшылығы тұрғындарды алаңдатады.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиев қатысты.