Жамбылдық оқушыларды жазғы сауықтыру және түрлі демалыс шараларымен 100 пайыз қамту жоспарлануда

0 6

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен кері байланыс мәселесі қаралды. Ол бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбектің баяндамалары тыңдалды. Олар түскен өтініштерге басшылардың жауап беру көрсеткішіне, әлеуметтік желідегі белсенділіктеріне, жауаптардың сапасына қатысты жан-жақты талдаулар нәтижесін ұсынды — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл мәліметтер сіздерге қазір ескерту ретінде айтылып отыр. Кемшіліктерді реттеп, кері байланыс бойынша жұмыстарды реттеңіздер. Тұрғындардың өзекті өтініштері ескерусіз қалмауы керек. Сапалы әрі уақытылы жауаптар беріліп, мәселелер назарға алынуы қажет.

Алты айлықтың қорытындысымен бұл тақырыпты кеңінен қараймыз, кемшіліктер бойынша жауаптыларға нақты шаралар қабылданатын болады,-деді аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қарата сөйлеп.

Басқосудағы екінші мәселе бойынша сөз алған білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов ҰБТ-ның өту барысы, жазғы мектеп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы айтып өтті.

Биыл облыста 11 762 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Ал, 9-сыныпты 21 213 оқушы аяқтайды.

26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8 сынып және 10-сыныптың оқушылары үшін «Жазғы мектеп» жұмыс жасайды. Биылғы жылы 490 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне  үміткер болып отыр (2021 жылы — 485).

Мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан басталған десек, 5 шілдеге дейін жалғасады. Оған қатысу үшін 11 762 мектеп бітірушінің 8 842-і тіркелген.

Ұлттық бірыңғай тестілеу «Ustudy» орталығының 2 пунктінде өтуде.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жазғы сауықтырумен және түрлі  демалыс шараларымен оқушыларды 100 пайыз қамту жоспарланып (1-10 сыныптағы 215 932 оқушы) отырғандығын жеткізді.

Атап айтқанда, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың 7 683  баласын, мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге 102 749 баланы тарту көзделуде.

— Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға күш салу керекпіз. Қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлер тазалық, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмыс істеуі тиіс. Оған дайындық барысын барынша бақылауға алыңыздар. Ыстық тамақтың сапасы да басты назар болуы қажет. Бұл жұмыстарды ойдағыдай ұйымдастыруға тек тиісті басқарма емес, аудан әкімдері жауапты болады,-деді Нұржан Нұржігітов.

Жиында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы да қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2009-2021 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарға барлығы 5 392 маман тартылып,  аудандық бюджеттерден 917,1 млн. Теңгеге көтерме жәрдемақы берілген.

Ағымдағы жылы бұл мақсатта 153,8 млн.теңге қарастырылып, 502 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек  2010-2021 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2 384 маманға 7,6 млрд. теңге несие берілген. Олардың 87 пайызы ауылда тұрақтанған.

Облыс әкім бағдарламаның кадр тапшылығы мәселесін шешудегі маңыздылығын баса айтып, бірқатар кемшіліктер бойынша тиісті тұлғалардан жауаптар алып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.