Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

0 10

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде аймақ басшысы алдымен облыстың мәдени-рухани саласында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлар туралы жеткізді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы бірқатар белгілі тұлғалардың, қабырғалы қаламгерлердің мерейтойы екендігін, оны лайықты түрде атап өту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты.

Облыс әкімі жиналғандардың ой-ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін білдіріп, олардың пікірлері барынша ескерілетінін атап өтті.

Алдымен сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман аға буын ақын-жазушылардың мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтудің маңыздылығын тілге тиек етіп, жас қаламгерді де қолдау, кең көлемдегі әдеби шараларды өткізу бойынша ұсыныстарын білдірді.

Аймақ басшысы соңғы жылдары пандемияның салдарынан көптеген мәдени шаралардың қысқартылғанын, алдағы уақытқа ол олқылықтың орнын толтыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев Шу қаласында Мәдениет үйінің жоқтығына назар аудартып, осы мәселені шешіп беруді сұрады.

Нұржан Нұржігітов биыл облыста 11 ауылдық Мәдениет үйі салынатынын, Шудағы жағдай да зерделеніп, қарастырылатынын баса айтты.

Сондай-ақ, басқосуда Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өту үшін атқарылатын жұмыстар барысы сараланды.

Қазіргі таңда тұлғаның ескертікішін орнату бойынша эскиздік  жобаға қатысты конкурс жарияланған.

— Өңіріміздің тумасы,  халқымыздың біртуар тұлғасы Шерхан Мұртаза тек қабырғалы қаламгер ғана емес, еліміздің рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан қоғам қайраткері. Шерағаңның тойын жоғары деңгейте атап өтуге тиіспіз. Ескерткіштің қайда қойылатынын біз, яғни жергілікті атқарушы орган емес, Сіздер шешесіздер. Қоғамдық пікір қашан да маңызды. Бүгін сол үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіз саралап, ақылдасып қаланың лайықты бөлігін таңдайсыздар деп сенемін. Бұл туралы әлеуметтік желінің де мүмкіншілігін пайдаланып, кең талқылаудан өткізген артық болмайды. Барлық пікірлерді ескеруге тиіспіз. Осы бойынша құрылған комиссияға зиялы қауымның өкілдерінің де енгені дұрыс,-деді облыс әкімі.

Жиында ескерткішті «Көне Тараз» кешені аумағында немесе Төле би даңғылы мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы көрнекі орынға орналастыру бойынша ұсыныстар айтылды. Қатысушылар қалай болғанда да тұлғаның мүсіні шаһардың адам көп жиналатын, ашық алаңқайлы бөлігінен бой көтергені дұрыс деген тоқтамға басымдық берді.

Бұл мәселе алдағы уақытта тағы жан-жақты қаралатын болады.

Кездесу барысында жазушы, драматург, жақында ғана халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленген Елен Әліміжан, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, Бекет Момынқұл, ақындар Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова,  Үміт Битенова, Баймаханбет Ахмет, Ғайни Әлімбекқызы,  балалар жазушысы Бақытжан Сответұлы,   журналист, театр актері Асқарбек Сейілхан, айтыскер, ақын Ахметжан Өзбеков және тағы басқалар сөз алып, мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды. Олар  балалар жылына орай балалар тақырыбында жазатын қаламгерлердің кітаптарын шығару, Шерхан Мұртаза атындағы республикалық театр фестивалін ұйымдастыру, тұлғаның өз дауысы мен ол туралы айтылған пікірлердің аудио-кітабын дайындау, жыл сайын бас редакторлар отырысын өткізу, Шерағаң кітабындағы әдеби кейіпкер «Айша ана» есімін ұлықтау секілді көптеген ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімі барлық ұсыныстар ескерілетенін баса айтып, алдағы уақытта да руханият, мәдениетке қатысты өзекті мәселелер осындай келелі басқасуларда талқыланып отыратындығын жеткізді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы еліміз үшін маңызды оқиға – алдағы референдумға зиялық қауым өкілдерін де белсенді атсалысуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.