Ғасыр жасаған қариялар референдумда дауыс берді

0 17

Маңызды науқаннан қариялар да қалыс қалып жатқан жоқ
Тараз қаласындағы №32 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген 101 жастағы қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Нещеретнев дауыс берді. Ол өмір бойы барлық сайлау науқандарына белсене қатысып келеді.


«Мен еліміздің тағдырына бейжай қарай алмаймын, сондықтан мен сайлауға үнемі қатысамын. Қазақстанымыз гүлдене берсін. Барлығы да жастар үшін – еліміздің болашағы үшін жасалып жатыр. Әркім референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы керек. Бұл – әрбір қазақстандық үшін өте жауапты миссия», – дейді Григорий Владимирович.
Сол сияқты Жамбыл ауданында тұратын Күлбарам Сүгірова бүгінде 112 жасқа аяқ басқан. Өзі әлі де ширақ. Қырғыз елінде туып-өскен ол Аса ауылына тұрмысқа шығып, осында ұрпақ өрбітті. Ауданның өркендеуіне еңбегімен үлес қосты.
Бүгін әжей Ата заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты өтіп жатқан республикалық референдумда өз дауысын берді. Кейуана — Аса ауылындағы №166 референдум учаскесінің сайлаушысы.
Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді.
«Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпады. Құдай қосқан қосағы екеуі екі қыз тәрбиелесе олардың қатары бүгінде 8 немере мен 15 шөбереге жетіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.