Өңірде шағын және орта бизнес саласын дамытуда мемлекеттік бағдарламалар және облыстық стратегиялық бағыттар шеңберінде жұмыстар жалғасын тауып, ағымдағы жылдың 11-ші қаңтарында ҚР Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауы аясында міндеттелген тапсырмалар бойынша нақты шаралар атқарылуда.Саладағы басты бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Бұл бағытта аймақта 2022-2025 жылдары жалпы құны 2 трлн. теңгеге 75 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде,- , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оның ішінде 25 жоба агроөнеркәсіп саласында болса , өңдеу өнеркәсібі бойынша- 35, балық шаруашылығында-7, туризм саласына -2 жоба тиесілі. 2022 жылдың 4 айдың қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 78,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2% артық орындалған.
Аталған жобалардың іске қосылуы үшін инвестиция тарту маңызды. Бұл мәселе облыс әкімінің де жіті назарында. Осыған дейін аймақ басшысы инвестициялық штабтың екі отырысын өткізіп, кәсіпкерлермен бірқатар мәселелерді талқылады.
Мәселен, «Shagala Mining» ЖШС өкілдері Мойынқұм ауданында мыс кенін сілтісіздендіру кәсіпорнының құрылысы бойынша жобаларын таныстырды. Кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 5 000 000 тонна кенді өңдеу. Шағала кен орны Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан.
Ал «Talas Investment Company» ЖШС басшылығы өндіріс көлемін арттыру мақсатында екінші кешеннің құрылысын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазір мұнда 15 мың тонна натрий цианиді өндіріледі. Екінші кезеңі іске асқан жағдайда кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 30 мың тонна натрий цианидін құрамақ. Жоба аясында 500 уақытша және 300 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, «KazChemTraiding» ЖШС Сарысу ауданында цемент зауытын салуды жоспарлап отыр. Қуаттылығы – жылына 200 мың тонна.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін құны 1,67 трлн. теңгені құрайтын 11 жоба шетелдік әріптестер арқылы жүзеге асырылады, бұнда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.