Жазушының тұрған үйіне естелік тақта орнатылды

0 81

Қоғам қайраткері, жазушы Арғынбай Бекбосынның туғанына 85 жыл толуына орай, өзі тұрған үйге естелік тақта орнатылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, зиялы қауым өкілдері мен жазушының жары, туған туыстары қатысты, — деп жазады  «ZhambylNews» АА.

Арғынбай Бекбосын 1937 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қосы батыр ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Түймекент орта мектебін, 1957 Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені, 1963 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген.

Ұзақ жылдар облыстық, республикалық ақпарат құралдарында жауапты журналистік қызмет атқарған, 1980-1985 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы болған. 1985 жылғы наурыз айынан бастап он жылға жуық Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы болып істеп, оны республикадағы ең айбынды, беделді басылымдар қатарына қосты. Газеттің аты 1990 жылдың сәуір айында Арғынбай Бекбосынның бастамасымен «Ақ жол» болып өзгертілді.
— Ол – бір бойынан қаламгерлік қарым-қабілет пен қайраткерлік қадір-қасиет қатар табылатын тау тұлға еді. Журналистік еңбек жолын Жамбыл радиосынан бастаған азамат облыстың бірқатар басылымдарында үлгілі қызмет атқарды. Әсіресе, облыстық «Ақ жол» газетінде редакторлық қызмет атқарған тұста тарихи басылымның абыройы артты.

Қоғамның өзекті мәселелерін көтере білуінің арқасында қалың оқырманның зор құрметіне бөленді. Кейін ел тілегін Парламент Мәжілісі мінберінен де жеткізіп тұрды, — деді облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев салтанатты шарада.

Бұдан кейін ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Амангелді Карентаев, жазушының жары Дариға Қасенқызы сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, ескерткіш тақта орнатылған 12-ші шағынаудандағы 16-шы үйде қаламгер 11 жыл тұрған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.