Жамбылдық жастарды баспанамен қамтуға арналған жаңа бағдарламаға 500 млн теңге бөлді

0 41

Жамбыл облысының әкімдігі мен Отбасы банк бірлесіп іске қосқан «Әулиеата жастары» жобасы жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алу мүмкіндігін береді. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аталған банктің өңірдегі филиалының директоры Бекназарова Гүлзат Мұратқалиқызы айтты —  деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Оның мәліметінше, үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Бағдарламаға қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен астауы керек.
«Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.

Қазіргі таңда облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады. Өз кезегінде біздің облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 млн теңге бөлді, ал Отбасы банк жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек. Осындай қолдаудың арқасында бағдарлама қатысушылары жуық арада қоныс тойын тойлайтын болады», – дейді Гүлзат Бекназарова.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.