Құрбан шалу жайында ең көп қойылатын сұрақтарға жауап

0 247

Құрбан шалу барлық адамға міндетті ме?

Ханафи мазхабында мерекелі құрбан шалу – мүмкіндігі бар әр  адам үшін  міндетті ғибадаттың түрі. Алла Тағала Құран Кәрімде «Каусар» сүресінде: «Раббың үшін Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етті.
Сахаба Ибн Аббас былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада он жыл болды, әрі сол жылдардың барысында құрбан шалатын».(Ахмад, Тирмизи). Сондай-ақ, ғұлама Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл өмірі барысында құрбан шалатын әрі оның құрбан шалуды бір рет болса да қалдырғаны белгісіз. Ол оны орындауға ынталандыратын, әрі молшылыққа ие мұсылман адам оны  тастамауы қажет».
Сахаба Жәбир: «Мен айт намазын Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындадым, әрі ол аяқталған соң ол бір қошқарды жетектеп келіп: «Алланың атымен, Алла Ұлы! Уа, Алла, мұны менен және менің үмметімнен болған құрбан шала алмағандардың атынан қабыл ет», — деп құрбан шалды», — деп баяндайды. (Тирмизи, Ахмад). Кейбір ғалымдар бұл хадиске қатысты: «Бұл хадис қияметке дейінгі Құрбан шала алмайтын кедей мұсылман үмметінің  атынан Пайғамбардың өзі құрбан шалғанына дәлел»,-деген.

⚜️ Құрбандық малының жасы қаншада болу керек?

Сахаба Жәбирден жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Тиісті жасына толмаған малды құрбанға шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты ай толған қойларды шалуларыңа болады»,- деген. (Муслим). Имам ән-Нәуауи: «Бұл хадисте белгілі жасқа толмаған малды мерекелі Құрбандыққа шалуға рұқсат етілмейтініне нұсқау бар, бұдан тек қой ерекшеленеді», — деген.
Ал құрбандық малдарының жастарына келер болсақ, онда:
— түйенің ең аз жасы – бестен басталады;
— сиыр-бұқаның жасы – екі жастан;
— ал қой-ешкінің жасы бір жастан басталады.
Қой мен қошқарға келер болсақ, онда шариғат оларға ерекшелік жасап, егер қой-қошқар ірі болса, онда бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті.

⚜️Құрбанды қай уақытта шалу керек?

Айттың алдында бір күн бұрын, немесе айт намазына дейін шалынған құрбандық қабыл ма?
Құрбан шалу рәсімінің қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан айт (10-шы Зуль-хижжа) күні  Айт намазы мен Айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Құрбан шалуды айт намазына дейін немесе бір күн бұрын орындағанның құрбандығы жарамсыз болады.
Құрбан шалу рәсімін айт намазы аяқталғаннан бастап, төртінші күннің асыр намазына дейін орындауға болады.  Бұған қатысты Жубаир ибн Мут‘имнен Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқтің барлық күндері – Құрбан шалу күндері», — дегені жеткізіледі. (Ахмад, Дарақутни). Ташриқ — деген сөз «кептіру» деген мағынаны білдіреді. Ілгергі мұсылмандар айт намазы оқылған күннен кейін тағы үш күн құрбандық етін кептіретін болған. Сол күндерді «ташриқ» деп атаған. Сондықтан құрбан шалу рәсімі осы «ташриқ» күндерінде орындалады.

⚜️Бір малды қанша адам бірігіп  шала алады?

Жәбирден жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сиыр жеті (адам) атынан Құрбан шалынады, әрі түйе де – жеті (адам) атынан»,-деген.(Әбу Дауд, ән-Нәсаи). Ал қой-ешкіге келер болсақ, олар тек бір адам атынан құрбан шалынады, өйткені қой мен ешкіні бірнеше адам бірігіп шалды деген ешқандай нұсқау жоқ. Имам ән-Нәуауи: «Қойға келер болсақ, ол тек бір адам атынан құрбандыққа шалына алады», —  деген болатын.

⚜️Құрбандық малының етін қасапшының ақысы ретінде беруге бола ма?

Құрбандықтың етін сатуға әрі қасапшының ақысы ретінде беруге болмайды. Қасапшыға ақша бергеніңіз дұрыс, ал ет берсеңіз садақа ретінде беріңіз.
Сахба Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған құрбандық малдарын бақылауды және олардың етін, терілерін және (түйе) жабуларын садақа ретінде таратуды әрі қасапшыларға мал бауыздағаны үшін (бұлардан) еш нәрсе бермеуді бұйырды. Ол: «Біз оларға өзімізде барымыздан бір нәрсе берерміз», — деді». (Муслим)

⚜️Өз малымның етінен дәм татуға бола ма?

Құрбан шалуды ниет еткен адам сүннетке сәйкес, сол күні өзі құрбан шалған малдың етінен дәм татпайынша,  мүмкіндігінше еш нәрсе жемеуі абзал. Сахаба Бурайда: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазына тамақтанбастан шықпайтын, ал Құрбан Айт намазына шығар алдында одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін», — деп баяндаған. (Тирмизи, Ибн Мәжаһ). Ал белгілі тәпсірші ғұлама Табарани:  «Әрбір адам өз құрбандығының етінен дәм татсын!» — деген хадисті келтіреді.

⚜️Құрбандық малының етін қалай дұрыс үлестіру керек?

Құрбандық малының етін бөлудің ең жақсы үлгісі – бұл Ибн Аббастан жеткізілетін мына хадис: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, ал тағы үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек».

Leave A Reply

Your email address will not be published.