Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шараға журналистика ардагерлері, жергілікті БАҚ басшылары, республикалық, облыстық, аудандық газеттер мен телеарналардың қызметкерлері шақырылды.
Аймақ басшысы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екенін атап өтіп, журналистер халық пен билік арасындағы дәнекер екенін айтты.
— Халық жазушысы, жерлесіміз, қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртаза ағамыз: «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын», — деп баға бергендей, расында, Сіздердің кәсіптеріңіздің мәртебесі биік, жауапкершілігі зор!
Қазіргі таңда қоғам өмірі мен дамуын БАҚ өкілдерінсіз елестету қиын. Журналистер халықты толғандырып жүрген мәселелер туралы айтып, олардың шешілуіне тікелей атсалысады. Жергілікті атқарушы билік өкілдері сіздердің ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңызға әрқашан ашық, тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын, — деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгідей әлеуметтік желіде негізсіз, жөн-жосықсыз жазғыштар көбейген тұста, халыққа жедел әрі сенімді ақпарат тарататын кәсіби журналистердің орны қашан да жоғары.
Аймақ басшысы төртінші биліктің Жаңа Қазақстанды құруда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ, Халық жазушысы, біртуар тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы, ақын, жазушы-публицист, журналист Арғынбай Бекбосынның 85, облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай жоспарланған іс-шараларға да тоқталды.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, құрметті журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл сөз сөйлеп, ізгі-лебізін білдірді.
Бұл күні бірқатар БАҚ қызметкерлеріне түрлі марапаттар табыс етілді. «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен, «Әулиеата-Медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарына ие болды.