Жамбылдықтарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін жаңа орталықтың құрылысы аяқталуға жақын

0 5

Жоба Пушкин көшесі, 22 А мекенжайында орналасқан бұрынғы облыстық балалар ауруханасының апатты жағдайда тұрған ғимаратының орнында жүзеге асырылуда. 2021 жылдың шілде айында «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Жүрек» Кардиохирургиялық орталығы» ЖШС арасында Тараз қаласында медициналық орталық салу бойынша бірлескен іс-шаралар туралы келісімге қол қойылды.

Келісімшарт талаптарына сәйкес «Тараз» ӘКК» АҚ жобаға жер телімі түріндегі активпен кірсе, «Жүрек» КО» ЖШС өз қаражаты есебінен медициналық орталықтың құрылысын, пайдалануға беру және жабдықтау жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте инвестордың салым көлемі шамамен 2 миллиард теңгені құраса, оның 1,5 миллиарды қазірдің өзінде құрылысқа салынған.

– Болашақ медициналық орталық қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттер емдеуге жатқызылатын стационарға бағытталған, оның ішінде жүрек ырғағының әртүрлі бұзылулары бар пациенттерге ерекше рөл бөлу жоспарлануда, – дейді кардиохирургиялық орталықтың өкілі Руслан Құралбаев. – Жамбыл облысындағы пациенттердің бұл санаты бұрынғысынша жедел және терапиялық ем алуға айтарлықтай кең сұранысты қалыптастырып тұр, сонымен қатар осалдығы мен мүгедектікке және өлім жағдайларына бейімділігі дәрежесі бойынша маңызды болып табылады. Сондай-ақ, орталық өңір тұрғындарына кардиология, аритмология, кардиохирургия, неврология, эндокринология, гастроэнтерология және жалпы хирургия сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша кең ауқымды консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін болады.

Мамандардың айтуынша, жаңа медициналық орталықтың ғимараты қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталады. Атап айтқанда, келесі айдың басында құны жарты миллион еуро тұратын «Fujifilm» брендінің «Trinias» ангиографиялық жүйесі жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ дефибрилляторларды, төсек жанындағы кардиомониторларды, операциялық үстелді және оны жарықтандыру жүйесін, ультрадыбыстық аппараттарды, электрокардиографтарды, зертханалық және басқа да мамандандырылған медициналық жабдықтарды жеткізуге тапсырыс берілді.

– Ғимараттың өзінде ауаның микробиологиялық және химиялық ластағыштармен, шаңмен және басқа да ластағыштармен ластануын болдырмайтын таза бөлмелер жүйесі бар. Оттегі жеткізу жүйесі жүргізілген, жолаушылар және жүк көтергіш лифтілері орнатылған, палаталарға медицина қызметкерін шақыру түймелері, фондық музыкалық сүйемелдеу орнатылып, Интернет желісіне, сондай – ақ кабельдік теледидарға қосылу қамтамасыз етілген, – деп бөлісті Руслан Құралбаев.

Қазіргі уақытта қызметкерлерді іріктеу, тәжірибелі мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Жоспарланған штат саны – 80 адам, оның ішінде әкімшілік, дәрігерлік, орта медициналық, кіші медициналық және басқа да қызметкерлер бар. Жоғары технологиялық медициналық көмек санатынан бірлескен бірегей операцияларды жүргізу бойынша шетелдік мамандармен келісімдерге қол жеткізілді.

Медициналық көмек екі нұсқада қолжетімді болады: ақылы негізде және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде (емханалардың жолдамасы бойынша портал-емдеуге жатқызу бюросы арқылы) тегін.

– Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалды. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, аяқталды, барлық төбелер, ішкі қалқалар мен шатыр жабындары орнатылды, ғимарат шыныланған, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілді. Аяқталу кезеңінде сыртқы, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірлескен қызмет туралы келісімшарт бойынша ғимарат келесі жылдың маусым айында пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, құрылысты ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарлануда. Егер аталған мерзімде орындалса, келесі жылдың басында медициналық орталық алғашқы науқастарды қабылдауға дайын болады, – деп түйіндеді Руслан Құралбаев.

_*Кирилл БЕРДЕЦКИЙ,
«Тараз» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі*_

Leave A Reply

Your email address will not be published.