Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов іс-сапармен Жуалы ауданына барды.
Сапар барысында Жуалы ауданның әкімі Жалғас Мұртазаның, жергілікті атқарушы және құық қорғау орган басшылығымен кездесулер ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі аспектілері, жедел-тергеу қызметінің көрсеткіштері, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істер бойынша баяндама жасалды.
«Қылмыс саны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір өсіп отыр. Бұның негізгі себептері басшылардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытына тиісті көңіл бөлмегендігінен деп ойлаймыз. Сондықтан, бөлінген бюджетті игеру барысында қатаң бақылау орнату қажет. Одан бөлек, мекеме тарапынан жүргізілетін ішкі талдау сапасы сын көтермейді. Бұл жұмыс көбіне формалды түрде жүргізіледі. Осы жұмысқа назар аударуларыңызды сұраймын»-, деді өз сөзінде Ернар Мақажанов.
Өз кезегінде Департаменттің превенция басқармасының басшысы Даурен Омаровтың тарапынан білім, денсаулық сақтау салаларының және салық, полиция органдарының қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер, №4 міндетті базалық бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша аудан басшылығына және тиісті мекемелерге барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты ұсынымдар мен мерзімдер берілді.