Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы дәстүрлі тамыз кеңесінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов хабарлады.
Оқушылар сарайында өткен білім қызметкерлерінің облыстық тамыз конференциясына ұстаздар, еңбек ардагерлері, облыстық құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалар, департаменттердің басшылары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің, колледждер мен мектептердің, мектепке дейiнгi және мектептен тыс мекемелердiң басшылары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға, туындап отырған өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталып өтті.
— Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 236 млрд.теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 6-ы пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның 6-ы жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Ал, 6 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады.
Нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі.
Бұдан бөлек, 4,2 млрд. теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 700,6 млн теңге бөлініп, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталуда. Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларына, аудан және қала әкімдерге тапсырамын!
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де басты назарда!
Мектепке дейінгі ұйымдардағы осал топтағы отбасы балаларының тамақтану ақысын жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға 100 млн. теңге бөлінді. Балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігі және білікті кадрмен қамтамасыз ету жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда, қойылған талап пен сапаны арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібін қайтару қолға алынды. Бұл шараны бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі,- деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтіп жатқанын, биыл өңірдегі 11751 мектеп бітірушінің 8756-сы тестілеуге қатысқанын атап өтті. Ағымдағы жылы облыстың ҰБТ-дағы орташа балы 82,5-ті құрап, республикалық көрсеткіштен 16,5 балға жоғары болғаны, 1218 бітіруші 100-ден жоғары балл жинағаны да айтылды.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов өз сөзінде ротациялау, мектеп директорларының командалық ауысуы, оқушылар арасында суицид және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша ашық айтып, олардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту керектігін, кемшіліктер бойынша қабылданатын шаралар жеңіл болмайтынын ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров оқушылар арасындағы құқықтық мәдениетті, сауаттылықты арттыру, жас қазақстандықтардың жаңа келбетін қалыптастыруда ұлағатты ұстаздың рөлі жоғары екенін жеткізіп, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов жамбылдық педагогтер мен оқушылардың жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.
— Биылғы жылы оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар жарысында командалық есепте 13-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды.
Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Облысымыздың 9 оқушысы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республиканың құрама командасына еніп отыр.
Туркия республикасының Анталия қаласында өткен ХІІІ Халықаралық жаратылыстану бағытындағы олимпиадада Меркі ауданы, №9 мектеп-лицейі мен №39 мектеп-гимназияларының оқушылары қатысып, командалық І орынды иеленді,-деді басқарма басшысы.
ҚР Ы. Алтинсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева білім беруде рухани құндылықтарға барынша мән беру қажеттігін тілге тиек етіп, жаңа оқу жылындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыда тәрбие беру және ерекше қажеттілігі бар балаларды назардан тыс қалдырмаудың маңыздылығын алға тартты.
Өзге де сөз алушылар өздерінің орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кеңес соңында облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар үздік педагогтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым-2022» грантының иегері Меркі ауданындағы №9 мектеп-лицейіне 34 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды.
Өзге де білім беру мекемелері түрлі номинациялар бойынша марапатталып, бірқатар ардагер ұстаздар мен еңбегі елеулі педагогтар «Еңбек ардагері», «Мейірім – Әлемге махаббатпен» медальдері және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілеріне ие болды.