Аймақ басшысы «AR-AI» жастар газетін мерейтойымен құттықтады

0 3

Уақыт керуенінде әдебиет пен публицистикада талай талантты тұғырынан түлеткен «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «AR-AI» жастар газетінің алғашқы саны жарық көргеніне биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйіне арнайы барып, басылым ұжымымен кездесті.

Өңір басшысы әуелі белгілі фотограф Алтынбек Қартабайдың газет тарихынан сыр шертетін фотошежіресін тамашалады. Шара барысында «Aulieata-Media» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы облыс әкіміне басылымның қалыптасу тарихы мен мерейтой аясында қолға алынған жобалар туралы баяндап өтті. Ал өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы газет ұжымына ізгі лебізін білдірді.
– Бүгінде «АR-AI» жастар газеті – ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Елімізде жастарға арналған басылымдар саусақпен санарлық. Солардың бірегейі – біздің облыстың «AR-AI» газеті. Қазіргі таңда басылым заман ағымына ілесіп, цифрлық форматта оқырманға мазмұны терең, тартымды материалдар ұсынып отырғаны қуантады. Басылымды әр жылдары басқарған Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, Біржан Сөктай сынды азаматтардың зор еңбектерін атап өтпеске болмайды. Бас редактор – Тұрсынбек Сұлтанбек басқарып отырған шығармашылық ұжымға алғыс білдіремін!
Журналист Нұрым Сырғабаевтың ветеринария, жол саласына қатысты соңғы сандарда шыққан көлемді материалы көңілімнен шықты. Айжан Өзбекованың әдебиет пен мәдениет бағытындағы, Құралай Сейсенбекқызының жүрекке жылулық сыйлатын еңбектері ерекше әсер берді. Газет редакциясында талай жас тілшілердің шоғыры қалыптасып, шығармашылық шыңын бағындырды. Бұл мектептен түлеп ұшқан мамандар бүгінде еліміздің беделді басылымдарында, маңызды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда жемісті еңбек етуде. Бұл – ең үлкен жетістік, ең бағалы мұра, – деген Ербол Шырақпайұлы редакция қызметкерлеріне мерейтойға орай 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ кездесу барысында облыс әкімі журналистердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ұжымның болашаққа деген жоспарларына сәттілік тілеп, қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.