Әлихан Смайылов Жамбыл облысы басшылығының алдында тұрған басым міндеттерді атап өтті

0 27

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысу үшін Тараз қаласына барды, — деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Әлихан Балқыбеков пен Нұржан Нұржігітовтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 191 депутаттың 164-і Н. Нұржігітовтың кандидатурасына дауыс берді, 27 депутат Ә. Балқыбековты таңдады.

Облыс активімен кездесу барысында Әлихан Смайылов әкімдіктің алдында өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту, оның ішінде ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын және басқа да стратегиялық құжаттарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде міндеттер тұрғанын атап өтті.

Алдағы жылдары әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық, энергетикалық және ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, жергілікті жолдардың сапасын арттыру және т. б. шаралар жүзеге асырылмақ.

Атап айтқанда, өңірде 9,5 мың оқушыға арналған 13 жаңа мектеп және 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны ашылады, сондай-ақ 3 аудандық аурухана жаңғыртылады. Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы отандық QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтикалық зауыттың екінші кезеңінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

«Облыс әкімі азаматтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру жөніндегі барлық жоспарлардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-Министр. 

Сондай-ақ Әлихан Смайылов өңір басшылығы отандық азық-түлік өнімдерін өндіруді ұлғайту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты бақылауда ұстауы керек екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.