Жаңатас қаласына жылу беріле бастады

0 13

Сарысу ауданында төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар қызу атқарылуда.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапарымен барып, жауаптыларға ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырған болатын. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін қалаға электр энергиясы берілген десек, енді жылумен қамту шаралары жүзеге аса бастады.

Қазіргі таңда «ЖаңатаСуЖылу» МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасуда. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарлануда.

Еске сала кетейік, бұған дейін орын алған қатты дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы электр бағаналары құлап, электр желілері тиісті кернеуді таратуда кедергі туындаған. Соған байланысты «ЖаңатаСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.