Облыс әкімі ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

0 42

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Аймақ басшысы Қордай ауданындағы жұмыс сапары барысында Қасық және Жамбыл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Әлжан ана ауылындағы Мәдениет үйінде өткен жиында алдымен округ әкімі Қарлығаш Исағұлова атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша есеп берді.

Оның айтуынша, Қасық ауылдық округі Әлжан ана ауылында халық саны – 4683 адам, аула саны – 884. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған аула саны – 883, табысы жоқ аула саны – 1.

Есепті жылы 1 отбасыға қаржылай көмек, 108 отбасыға азық-түлік себетімен көмек көрсетілді.

Елді мекен табиғи газ, ауыз сумен қамтылған. Барлық жолдар күрделі жөндеуден өткен десек, көшелер жарықпен қамтылған.

Бұдан кейін ауылдықтар көкейдегі сауалдарын жолдады. Олардың тарапынан негізінен жайылым, суармалы су, қоғамдық көлік, ауылға бейнекамера орнату, ұялы байланыс секілді бірқатар мәселелер көтерілді.

Аймақ басшысы барлық сұрақтарға облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды мысалға ала отырып нақты жауап берді.

Көтерілген мәселелердің басым бөлігі алдағы екі-үш жылда толығымен шешілетіне ауылдықтар ризашылықтарын білдірді. Кейбір сұрақтар бойынша облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Айталық, ауылдық округ әкіміне тұрғындардың көгілдір отынмен қамтылуын биыл 100 пайызға жеткізу, жағдайы төмен отбасыларға демеушілік есебінен көмек көрсетуді жүктеді. Сондай-ақ, ұялы байланыстың жоғары жылдамдығы бойынша жеке инвесторламен жұмыс жүргізудің маңыздылығын ескертті.

Нұржан Нұржігітов жастар тәрбиесі, қоғамдағы өзара түсіністік тақырыбы қашан да басты назарда болу керектігін атап өтті.

Дәл осындай форматтағы халықпен кездесу Жамбыл ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айта кетейік, облыс әкімі ауданға жұмыс сапары кезінде «Әлжан ана» музейінің қызметімен де арнайы танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.