Газ тарту жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асқан. Жобаға бюджеттен 360 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Akbars story LTD» ЖШС-і жүргізген.
Өрнек ауылында 420 аула бар десек, бүгінде аталған ауылдағы тұрғындардың барлығына көгілдір отын жетіп отыр.
– Көмірмен емес, табиғи отынмен үйіміз жылуда. Бұл күнді қанша жыл күттік. Ауылдықтарды осындай игілікке жеткізген мемлекетімізге алғысымызды білдіреміз, – дейді ауыл қариясы Қойшан Битабаров.
Бұған дейін Өрнек ауылының көшелеріне асфальт төсеу, жарық шамдарын орнату, мәдениет үйінің құрылысы жұмыстары жүргізілген. Бүгінде ауыл орталығында спорт кешені бой көтеруде.
Айта кетейік, Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 38-де табиғи газ бар. Сеңгірбай, Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңа Өткел елді мекендерін ауыл ішілік газбен қамту үшін құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Өткен жылы Ерназар, Өрнек, Еңбек, Рахат, Көлқайнар, Тастөбе, Ащыбұлақ, Шайдана ауылдары газға қосылған болатын.
Жалпы, облыс бойынша биыл 22 елді мекенге көгілдір отынды жеткізу көзделуде.