Президент Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды, — деп хабарлайды akorda.kz.
Мемлекет басшысы өндіріс орнындағы цехтарды аралап көрді. Президентке құс фабрикасының жетекшісі Фарида Жүнісова кәсіпорынның жұмысы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғызстанға экспортталады.
Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 6 нысан салу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашылығының дамуы жөнінде мәлімет берілді.