«Наурыз – думан, Наурыз – ән» этно думаны өтті

0 9

22 наурыз — Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында Таразда «Наурыз – думан, Наурыз – ән» этно думан кеші өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара 16 наурыз – шежіре күніне орайластырылды.

Этно-думанға кітапхана зейнеткерлері мен ардагерлері Майра Алишева,  Периза Әлішева және өзге де арнайы қонақтар қатыып, мерекемен құттықтады.

— Наурыз – бұл тек көктемгі жаңару ғана емес, сонымен қатар өз халқының тарихын еске алуға мүмкіндік береді. Бұл күні жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Отан тарихын терең білу арқылы өз елімен жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұлттық, тарихи , өлкетану, өнер дәріптеуді мақсат етеді,-деді ардагер кітапханашылар.

Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университетінің «Гуманитарлық әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 2 курс студенттері қатысып, өһз өнерлерін ортаға салды.

Аружан Нұрпейісованың орындауындағы әсем бимен ашылған шарада ақ бата беріліп, шашу шашылды.

Кітапхана қызметкерлері Алтынай Абдраймова, Жазира Базарбаеваның орындауындағы «Наурыз»,  «Желдірме», «Дүнген қызы» әндері көпшілікке әдемі әсер сыйлады. Сондай-ақ, «Беташар» салтынан театрландырылған көрініс қойылды. Қыздардан құралған хордың орындауындағы «Рахмет саған туған ел» әні, Элмира Тоқсанбаеваның «Куба» биі де кештің сәнін келтірді.

Мерекелік шара соңында келген қонақтарға наурыз көже таратылды.

Амал күнінен бастау алған әз-Наурыз мерекесінің он күндігі аясындағы «Шежіре күніне» орай бүгін облыстың барлық аудандарында арнайы шаралар ұйымдастырылуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.