Облыс әкімі ауылдықтардың мәселелерін тыңдады

0 20

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, елді мекенде барлығы 75 шаруа қожалығы тіркелген. Олармен ағымдағы жылы 750 гектарға дәнді дақылдар, 50 гектарға дәндік жүгері, 5 гектарға картоп,  5 гектарға көкөніс, 60 гектарға бақша егілуде.

Округ аумағында 3228 гектар егістік жерлер, 1045 гектар шабындық, 25 373 гектар жайылым жер бар.

Өткен жылы елді мекенге газ тарту құбырының құрылысы аяқталып, бүгінде әр аулаға газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Ал, ауылдағы орталықтандырылған ауыз су жүйесі 2004 жылы пайдалануға берілген десек, қазіргі таңда ол құбырлардың тозығы жеткендігі айтылуда. Соның салдарынан бірқатар аулалардың тіршілік нәріне қолы жетпей отыр.

Аймақ басшысымен өткен кездесуде бұл туралы жан-жақты қозғалды. Сондай-ақ, тұрғындар өз кезегінде ағын су, ауыл маңындағы көлді ылғалға толтыру, ауыл ішімен жүретін жүк көліктерінің және ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселелерін көтеріп, кәсіпкерлік қолдауға қатысты сауалдарын жолдады.

Жиында ауыз су құбырларын қайта қалпына келтіру үшін ауыз су мұнараларын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылғандығы айтылды.

Облыс әкімі су каналдарын реттеу Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы шешіліп жатқанын, құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты бірқатар мәселелер анықталып, қайта зерделеніп жатқанын жеткізді. Алдағы 2-3 жылда жөнделетін каналдардың қатарына ауылдықтар айтқан су жүйелерін де енгізу жұмыстары қолға алынатын болды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы, су үнемдеу технологияларының тиімділігін де ұтымды пайдалану керектігін, ол бойынша мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.

Ал, жұмыссыздық мәселесін мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері арқылы немесе «Ауыл аманаты» жобасы аясында шешуге болатын ескертіп, ол бойынша ауыл әкімдігі жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.

Бұдан бөлек, басқосуда 30-40 тонналық ауыр жүк көліктері ауыл ішімен емес,  айналмалы жол арқылы өтуі үшін арнайы жол белгілерін қою туралы жауаптыларға тапсырма берілді.

Өзге де тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға Нұржан Нұржігітов облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Сондай-ақ, облыс әкімі Б. Кейкиев атындағы орта мектепті аралап,  білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.