Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары 97,5%-ға орындалды. Бүгінгі күні облыс бойынша 108,4 мың гектар алқап жыртылып, 461,6 мың гектар алқап өңделді. Қажетті 89,8 мың тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілген. Аталған мәліметті Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
216,3 мың гектар жаздық масақты дақылдар, 30,6 мың гектар көп жылдық шөп, 43,1 мың гектар көкөніс, 66,2 мың гектар майлы дақылдар, 10,4 мың гектар қант қызылшасы, 16,9 мың гектар бақша, 11,8 мың гектар картоп, 27,9 мың гектар бір жылдық шөп және 18,3 мың гектар дәндік жүгері себілді. Жалпы жаздық дақылдар 441,7 мың гектарға егілген.
Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінсе, оның 14,7 мың тоннасы жеткізілді. Бүгінгі күні 14,0 мың тонна дизель отыны белгіленген 14 оператор арқылы шаруаларға 204-214 теңге аралығында таратылды. Тарату жұмыстары 95,6%-ға орындалған.
Дала жұмыстарына 6 893 дана ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған. Оның 4529 данасы трактор, 1071 данасы соқа, 746 данасы дән сепкіш, 457 данасы қопсытқыш және 90 данасы тұқым дәрілегіш техникалар.
Биылғы жылы 280,0 мың гектар алқапқа 54,0 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланса, бүгінгі күні шаруашылықтарға 10456 тонна тыңайтқыш жөнелтілген.