Жамбыл облысында қазіргі таңда құны 13,2 млрд. теңгені құрайтын 3929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның 2564 пәтерлі 45 үйі биыл тапсырылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді.
Облыстағы аудан орталықтары мен Тараз қаласында жаңа массивтер мен мөлтек аудандар бой көтеруде.
-Жалпы, жыл басынан бері 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, облыс жастарының баспана мәселесін шешу мақсатында «Әулие ата жастары» атты өңірлік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында былтыр 40 жас отбасы 500 млн. теңгеге баспаналы болса, биыл 2 млрд. теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беруді көздеп отырмыз,-деді облыс әкімі.
Өңірде тұрғын үй мәселесін тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, ертеден жалғасып келе жатқан игі дәстүр «Асар» әдісімен де шешу қолға алынған.
Мәселен, жоба басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасына қоныс тойын тойламақ. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарды бірлікке, қайырымдылық пен мейірімділікке үндеу.
Ағымдағы жылы 3,3 млрд. теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 1 млрд. теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 869 жер телімін тарату және әлеуметтік осал топтағы, көп балалы отбасыларға 7,6 млрд. теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделуде.
Сондай-ақ, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша биыл 13,6 млрд. теңгеге 54 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 32 елді мекенге ауыз су тартылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 92,0 пайыздан 96,5 пайызға дейін артады деп күтілуде.
Ал, 16 жоба аясында қосымша өңірдегі 18 елді мекенге табиғи газ тартылуда десек, нәтижесінде жыл көгілдір отынмен халықтың қамтылу үлесі 90,2 пайыздан 92,0 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
2023 жылы автожол саласын дамытуға 24,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 млрд. теңгеге артық.
— Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр жөнделген елді-мекен көшелері 367 шақырым болса, биыл 550 шақырымды құрап отыр. 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жол орта жөндеумен қамтылатын болады,-деді аймақ басшысы.
Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді.