Нұржан Нұржігітов Yildirim Holding компаниясының басшылығымен кездесті

0 52

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Yildirim Holding компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан, «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимовпен кездесті.

Кездесуде Сарысу ауданындағы кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысының барысы талқыланды.

Жаңа зауыттың өндірістік қуаты – жылына 500 мың тоннаны құрайды десек, алдағы уақытта жылына бір миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Кәсіпорын елдің ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтуға және экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыруға әлеуетті.

Исмаил Джейлан жаңа технологияларды қолдану арқылы қалдықсыз өндіріс іске қосылатынын атап өтті.

— Жоба ешқандай кедергісіз кезең-кезеңімен жүзеге асады деп сенемін. Инвесторлар негізінен бизнестерін дамытуға мүмкіндік беретін және тиісті жағдай жасалған жерге барады. Сондықтан біз Жамбыл облысын таңдадық. Біз өзіміздің серіктестерімізге сіздермен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз, — деді ол.

Тараптар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаны іске асырудағы басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға электр энергиясы желісі тартылды.

— Қазіргі таңда барлық қаржылық мәселелер шешілген. Сумен жабдықтау мәселесі келесі жылы толығымен шешілетін болады. Газдандыруға қатысты салалық басқармалар компаниямен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Қолданыстағы заңнама аясында қажетті көмек көрсетіледі, — деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.