Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайызды құрайды. Ағымдағы жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу көзделуде.
Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Биыл бөлінген қаржылар есебінен 3,3 шақырым жолды құрылыспен, 11,4 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған.
Дегенмен, аймақ басшысы саладағы мәселелердің де аз еместігін баса айтып, басқосу барысында тиісті тұлғалардан жауаптар алды.
Алдымен, облыс бойынша көлікті бақылау инспекциясының басшысы Досжан Мырқалықов есеп берді. Ол осы жылдың алты айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 317 автокөлік құралы тексерілгенін жеткізді. Сондай-ақ, 444 әкімшілік хаттама толтырылып, 49222,1 мың теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 36010,6 мың тенге өндірілгенін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, карьер автокөліктерін тексеру, техникалық байқау орталықтарының жұмысы, темір жол көлігіндегі бақылау бойынша да ақпараттар айтылды.
Облыс әкімі облыстық маңызы бар жолдармен жүк көліктерінің рұқсат етілген мөлшерден асырып жүк тасуы тоқтамай отырғандығын, соның салдарынан тас жолдар бүлініп, бюджет қаражатына қосымша салмақ түсіп, автокөлік жүргізушілерінің наразылығы туып отырғандығын сынға алды. Бұл тұрғыда айыппұл салу көрсеткішінің көңілден шықпайтындығына айрықша тоқталды.
Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда көлікті бақылау бекеттері жұмыс жүргізбейтіндігін де мысалға алып, себебін сұрады.
Аймақ басшысы, облыстық маңызы бар автожолдарға жүргізілген талдаудың қорытындысы ойдағы еместігін атап өтті.
Келесі кезекте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Айжан Туғанованың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1198,5 км құрайды десек, бүгінде ұзындығы 413 шақырым болатын автожол учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Жобалар кезең-кезіңімен аяқталып, пайдалануға берілуде.
Аймақ басшысы жол жамылғыларындағы ақаулардың аз еместігін жасырмай, кейбір жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігін ескертті.
— Басты талап – жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтіп, сапаның сақталуын қатаң қадағалау. Бұл тұрғыда тұрғындардың шағымы мен талабы орынды. Әрбіріміз, өз міндетімізге аса жауапкершілікпен қарауға тиіспіз.
Ауылішілік жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жобалау кезінде жаяу жүргіншілер жолын да назардан тыс қалдырмаңыздар. Жол жөндеу кезінде сол көшедегі жұмыстарды кешенді түрде ойластырылып, атқарылуы тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары бойынша облыстық көрсеткіштің жақсы еместігін тілге тиек еткен облыс әкімі қажетті аумақтарда полиция департаментімен бірлесіп жол белгілерін орнатудын маңыздылығын жеткізді.
Жиын қорытындысымен облыстық маңызы бар жолдарда тиісті деңгейде көліктік бақылау шараларын жүргізу, республикалық маңызы бар автожолдардың бойына мал шығып кетуінің алдын алу үшін қоршаулар орнату жұмыстарын жалғастыру, республикалық маңызы бар автожолдардың жол жабындысындағы барлық ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру, жол бойында қоқыс тазарту жұмыстарын күнделікті жүргізілуін қамтамасыз ету бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.