Жамбыл облысында 257 су шаруашылығы жүйесі жөндеуден өтеді

0 12

   Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы Көптерек, Бурыл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

    Басқосуларға құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

   Көптерек ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдықтар суармалы су, тоғанды жөндеу, ауылға Мәдениет үйін салу және өзге де мәселелерді көтерді.

   Аймақ басшысы барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді.

  — Жыл өткен сайын ауа-райына байланысты суармалы су мәселесі күрделеніп келеді. Соған сәйкес аймақта ауқымды жұмыстар қолға алынған. 264 каналда жөндеу жұмыстары жүзеге асуда десек, тағы 257 каналды кезең-кезеңімен реттеу жоспарлануда.

   Бұдан бөлек, облыс бойынша ірілі-ұсақты 14 жаңа су қоймасының құрылысы көзделген. Сондай-ақ, жерасты су қорын тиімді пайдалану тұрғысында ұңғымалар қазу, сү үнемдеу технологияларын көптеп енгізуге басымдық беруге тиіспіз. Бұл бойынша жер көлемі шағын шаруаларға қолдау көрсетуді ескеріп, субсидия көлемін арттыру жолында тиісті жұмыстар қолға алынады.

  Жалпы, көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалар “Қазсушар” мекемесімен вегатациялық кезеңде су жеткізуге қатысты келісімге келу керек. Аталған мекеме мүмкіншіліктерді қарастыра отырып, су жеткізу бойынша келісім бермесе, ол алқапқа суды аса қажет етпейтін дақылдарды егуге басымдық беру маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

   Сонымен қатар, аймақ басшысы биылғы су тапшылғынан зардап шеккен шаруалардың шығынын өтеп беру бойынша Үкіметпен құрылған комиссия жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

  Ауылда мәдениет үйін салу үшін  қажетті қаражат қаралып, конкурстық шаралар жүзеге асуда.

  Сондай-ақ, келер жылы округте “Ауыл аманаты” жобасы бойынша жұмыстар басталады деп күтілуде.

   Дәл осындай кездесу Бурыл ауылдық округінде де өтті.

   Ауыл халқының өсіміне байланысты үлкен мектеп қажеттілігі, интернет жылдамдығы, ауыз су қысымының төмендігі, жол жөндеу, электр бағаналарының тозуына қатысты сауалдарын жолдады. Облыс әкімі барлық мәселелер заң аясында, облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес рет-ретімен шешілетіндігін баса айтты.

  Аймақ басшысы тұрғындарды әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті билікпен бірлесе отырып жұмыс атқаруға, өзара сенім мен ортақ жауапкершілікті арттыруға шақырды.

  Кездесулерден кейін Нұржан Нұржігітов  азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.