Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

0 2

 Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байелдің Әзербайжан Республикасы Экономика министрі Микаил Джаббаровпен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» меншікті тілшісі.

Кездесу барысында Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан Мемлекет басшыларының былтыр және биыл өткен өзара сапарларының шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашқанын атап өтті.

Дипломат биылғы маусым айында Қазақстан Премьер-Министрінің Әзербайжанға жасаған ресми сапарының нәтижелілігіне де назар аударды. Бұл сапардың барысында 11 бірлескен құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан және Грузия темір жолдары арасында бірлескен кәсіпорын құру, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту бойынша бірлескен кәсіпорын құру, сондай-ақ Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау көлемін арттыру туралы құжаттардың маңызы зор.

Микаил Джаббаров қазіргі турбулентті геоэкономикалық жағдайда Қазақстан-Әзербайжан экономикалық ынтымақтастығын арттыруға мүдделі екендіктерін растады. Министр Қазақстанда жасалған теміржол локомотивтерін Әзербайжанға жеткізу және Қазақстанға Әзербайжан кемелерін жеткізу сияқты жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Сұхбат барысында ол Орта дәлізді (ТХКБ) цифрландырудың, бір терезе қағидасына негізделген көлік-логистикалық жүйені құрудың маңыздылығына назар аударды. М. Джаббаров Қазақстан мен Әзербайжанның Каспий теңізінде және басқа аймақтарда мұнай-газ жобаларына бірлесіп атсалысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, әзербайжандық министр Қазақстанның дәнді дақылдардың сенімді өндірушісі және жеткізушісі ретіндегі маңыздылығын да атап өтті.

Елші Ә. Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар бастама да ұсынды.

Осы ретте екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өту қажет. Мәселен, 2023 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ке (162,5 млн доллардан 243,6 млн долларға) өсті. 2023 жылдың басынан бері Орта дәліз (TХКБ) арқылы тасымалдау көлемі 1 миллион тоннадан асып, 64%-ке өсті. Сондай-ақ, Қазақстан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екіжақты тауар айналымының жылдық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін Әзербайжанға құны 300 миллион доллардан асатын 100 тауар позициясы бойынша өнім экспортын арттыруға дайын. Бұдан басқа, осы жылдың маусым айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара авиарейстер лимиті аптасына 32-ден 42 рейске дейін арттырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.