Облыс әкімі Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады

0 33

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен «Самал» (7) және «Мыңбұлақ» (9) мөлтек ауданындағы мектеп және балабақшаларға баратын С.Сейфуллин көшесіндегі жаяу жүргінші жолдарын көрді. Ұзындығы 1,89 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған десек, жоспар бойынша қазан айында аяқталуы тиіс.

Мұнда жергілікті тұрғын жақын маңдағы автобус аялдамасын екі бетке салу қажеттілігіне назар аудартты. Облыс әкімі жауаптыларға тұрғынның өтінішін барынша назарға алып, жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Талас» (6) мөлтек ауданындағы арық-жүйелері жұмыстарын да тексерді.

Бұдан бөлек, №40 гимназия ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын, «Талас» (6) мөлтек ауданы, №12 көпқабатты тұрғын үй алдындағы қоқыс алаңшасының жай-күйімен танысты.

Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағындағы арық жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Шаһар басшысының айтуынша, смета бойынша шамамен 33 шақырымды құрайтын арық жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Қаладағы ирригациялық жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына (бірінші кезең) 940,0 млн. теңге бөлінген. Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес, 33 шақырымдай арық жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл қаланың шағын аудандарындағы арықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, қаланың өзге аудандарының арықтарын жөндеу жұмыстары алдағы жылдары іске асырылатын болады деп күтілуде.

Бүгінде жөндеу жұмыстары 35 пайызға орындалған, жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін аяқталады деп көзделуде.

Облыс әкімі барлық құрылыстардың сапасы мен мерзім-кестелерінің сақталуын қатаң қадағалау керектігін баса айтып, қоқыс жәшіктерін реттеуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.