Жамбыл облысында «Мерейлі отбасы — 2023 » ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

0 2
Тараз қаласы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Ағымдағы жылы байқаудың аудандық/қалалық кезеңі 15 мамыр мен 1 шілде аралығында өткізілді. Нәтижесінде, аудандық/қалалық кезеңге барлығы 301 отбасы қатысуға өтінім беріп, аудандық қалалық комиссияның шешімдерімен облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған болатын.

Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде облыстық комиссия отырысы өткізіліп, облыстық кезеңнің жеңімпаз және жүлдегер отбасылары анықталды.
Шара барысында Жамбыл облысының әкімі Н. Нұржігітов жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға Алғыс хаттар және сертификаттар табыстады.
Байқаудың бас жүлдесін Шу ауданынан 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген, 3 отбасына демеушілік көрсетіп, тұрғын үй алып берген меценаттар жанұясы – Мадалиевтер отбасы, І орынды 5 ұл 6 қыз дүниеге әкеліп, 28 немере, 44 шөбере, 1 шөпшек өсіріп отырған Мойынқұм ауданынан Исабековтер отбасы, ІІ орынды Тараз қаласынан спортшылар жанұясы – Сметовтар отбасы және зияткер жанұя – Утеповтер отбасы, ІІІ орынды Жуалы ауданынан еңбеккерлер отбасы – Сұрымбаевтар жанұясы және Талас ауданынан өнерлі отбасы – Иманбаевтар жанұясы иеленді.
Жеңімпаз Мадалиевтер отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық марапаттау рәсіміне қатысатын болады.
Айта кетейік, 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкімге сәйкес, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2014 жылдан 2022 жылды қоса алғанда ағымдағы жылы сегізінші рет өткізілді.
Облыста 2014 жылдан бастап 2022 жылды қоса алғанда байқауда 1500-ден астам отбасы бақ сынады. Олардың 60%-нан астамы көпбалалы, 185-і интернационалдық отбасылар.
Leave A Reply

Your email address will not be published.