Облыс әкімі құқық қорғау органдарының басшыларын қабылдады

0 4

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстың құқық қорғау органдарының басшыларын қабылдады.

Облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжановпен кездесу барысында азаматтарды сот арқылы қорғауды күшейту барысы сөз болды.

Аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмасы бойынша сот жүйесін одан әрі жетілдіру шараларын тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев облыста билер институтын құру және медиацияны дамытудағы табысты тәжірибесін атап өтті.

Ал, облыс бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік департаментінің басшысы Серік Бегалиевтің қатысуымен өткен қабылдауда алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер талқыланды.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майор Арманбек Баймурзин облыстағы криминогендік жағдай туралы хабардар етіп, қылмыс деңгейінің төмендеуі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары туралы баяндады.

Облыс әкімі құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер қойды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Жылқыбаев сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы баяндады.

Аймақ басшысы алдын алу шараларының, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар салаларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Ал, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Рашид Темірбеков ведомство қызметінің қорытындысын баяндады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы бизнес өкілдерін қорғай отырып экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл шараларын күшейту қажет екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.