Аудан әкімдігінде Жамбыл облыстық және Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің кездесуі өтті. Келелі кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжегүл Ағыбаева және қауымдастықтың мүшелері қатысты.
Кәсіпкерлікті серік еткен нәзік жандылардың бас қосуындағы негізгі мақсат – Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымын тағайындау.
Айта кетейік, іскер әйелдер қауымдастығы Қордай ауданында 2008 жылы құрылып, содан бері кәсіпкерлікті дамыту, балаларды қорғау, мүгедек балаларға демеушілік көрсету бағытында тындырымды тірліктер жасап, медициналық көмекті қажет ететін әлеуметтік топтарға қаржылық көмек көрсету мақсатында арнайы акциялар мен қайырымдылық жобаларды өткізіп келеді. Аталмыш қауымдастықты ұзақ жылдан бері жеке кәсіпкер Кенжегүл Ағыбаева басқарып келгені мәлім. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келген Кенжегүл Түленбайқызы енді жолды жастарға беріп, қауымдастықтың төрайымы етіп ауданға белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімованы тағайындасақ, деген ұсынысын жеткізген. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, жергілікті билік өкілдері бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы етіп Айман Әшімованы тағайындады.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева салтанатты түрде Кенжегүл Түленбайқызына ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, қауымдастықтың атынан алғыс хат және сый-сыяпатын табыс етті. Ал қауымдастықтың жаңа басшысы Айман Серікқызын қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде жиналған қауымға сенім артқандарына алғысын айтқан Айман Әшімова бірігіп жұмыс істеуге, бизнестегі әйелдерге қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізді.