Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қайтыс болды. Оқиға орынан Kazinform агенттігінің тілшісі Алма Мұқанова ақпарат таратты. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандардың тоғызы – қазақстандық, қалғаны шетелдіктер. Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектеседі.
Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33–те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.
«Келген бойда 1-қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы — 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22–де жойылды», — деп хабарлады департаменттен.
Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды.
«Оның жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағаланып отыр. Екінші науқас барлық тексеруден кейін ұсыныстармен амбулаторлық емделуге жіберілді», — деп хабарлады ведомстводан.
Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
«Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады», — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, эвакуацияланған адамдардың көбі — шетелдіктер.
«Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр», — деді ол.
Сонымен қатар департамент басшысы өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болғанын мәлім етті. Ондағы бір орын құны 2000 теңгеден басталған, орындар саны — 100-ге дейін.
Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, хостелде тұрғандардың дені — студенттер мен жас жұмысшылар. Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді. Үкіметтік комиссия өрт салдарынан болған қайғылы жағдайдың себептерін жан-жақты тексеру жұмыстарына дереу кірісіп, зардап шеккендерге бірінші кезектегі көмек көрсетеді.
Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқан.
«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Halyk Bank-ке тиесілі. Банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген. Бұл хостел Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ», — деп хабарлады әкімдіктен.
Әкімдік мәліметі бойынша, қаза тапқандардың көбі — қазақстандықтар.
«Қайтыс болғандардың көбі — қазақстандықтар. Біреуі — Өзбекстан азаматы, біреуі — Саха Республикасының (РФ) азаматы, қалғандары — қазақстандықтар. Қазір құжаттарын тексеріп, қарап жатыр. Жалпы, жертөлені санитарлық талаптарға сәйкес жасақтауға болады. Бірақ осыншама көп адамды орналастыруға рұқсат бар ма, бұл сұрақтың басы ашық. Анықтаймыз, тергеу жүреді», — деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Өрттің шығу себептерін тексеру үшін министр, генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына аттанды. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желіні іске қосты.
Хабарласуға болатын телефон номерлері:
— 8 727 278 20 83
— 8 727 278 20 84
Қазақ тапқандардың тоғызы — қазақстандық, қалғаны шетелдіктер.
«Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматтары. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Алматыдағы хостелде тұрып жатқан студенттер өрт басталған кезде ғимараттан қалай шыққанын айтып берді.
«Өрт болып жатқанын естіп, құжаттарымызды, киімдерімізді алып шықтық. Бірінші қабатта тұрамын. Қасымдағылар да аман. Бөлмеміз сыртқы есікке жақын орналасқан. Шыға алмағандар, терезеден шықты. Кейбірінің құжаты іште қалды. Мен өзім Йеменнен келдім. Бұл жерде тұрып жатқаныма көп уақыт болмады», – дейді студенттердің бірі.
Хостел ғимаратының иесі – «КУСА Халық» ЖШС. Жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт биыл 21 қыркүйекте жасалған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жер учаскесінің нысаналы мақсаты – дүкенді пайдалану және қызмет көрсету.
«Бұл нысан бір жарым ай бұрын хостелге айналған. Хостелдің алаңы – 457 шаршы метр. Айта кету керек, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР заңына сәйкес үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Бұл ретте Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындау қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 23-тармағына сәйкес хостелді жертөле және жертөле қабаттарында орналастыруға тыйым салынады», — делінеді хабарламада.
Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектеседі.
Жерлеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша қаза тапқандардың туыстары мына байланыс нөмірлеріне жүгіне алады: + 7 707 779 07 08, +7 777 312 08 08.
Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
«Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды», — деп жазылған хабарламада.