Жамбыл облысында биыл 11 елді мекен табиғи газбен қамтылады

0 34

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте жылыту маусымының өту барысы қаралды.

Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатовтың айтуынша, жылыту маусымы кезеңінде жылу көздері мен инженерлік-инфрақұрылым желілерінде I сипаттағы бұзушылықтар мен авариялар орын алмаған.

Дегенмен, сыртқы ауа температурасы күрт төмендеп, желдің екпіні секундына 28-30, 35-40 метрге дейін болуына байланысты кейбір аудандарда кернеуі 35-10-0,4 кВ электр желілерінде өшу жағдайлары тіркелген. Бұл орайда жедел әрекет ету топтары жасақталып, қайта қалпына келтіру жұмыстары дер кезінде жүргізілген.

Облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Олармен өңірдегі 1 646 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан жылытылады.

Ербол Қарашөкеев ағымдағы жылыту маусымы қалыпты өтіп жатқанына қарамастан, тұрғындар тарапынан жылуға қатысты шағымның көп түсетінін ашып айтты. Сондықтан, алдағы жылыту маусымына дайындықты ерте бастап, бақылау мен өндіріс жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті. Бірқатар нысандардағы құрылыс, реконструкциялау, жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы М-1 магистралдық жылу желісі Тараз қаланың орталық көшесінен өтуіне байланысты қала әкімдігі тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары мен автокөлік қозғалысының кестесі бекітіліп, жылу магистралының бойында орналасқан сауда нүктелерінің иелерімен демонтаж жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде жүйелі түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі сараланды.

Өткен жылы өңірдегі 36 елді мекенде газдандыру құрылысы іске асып, 11 елді мекен (9 мың адам) табиғи газға қосылған. Нәтижесінде, облыстың газбен қамту деңгейі халық санымен 91,1 пайызға жеткен. Қалған 25 елді мекендегі (55,6 мың адам) құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болған.

Биыл 11 елді мекендегі 17 мың тұрғынды табиғи газбен қамту жоспарлануда. Сол арқылы көрсеткіш 92,4 пайызға артады деп көзделуде.

Кеңес қорытындысы бойынша, облыс әкімі жауаптыларға 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық кезіндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылау, ағымдағы жылыту маусымы барысында коммуналдық қарыздарды өтеу бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ауыл-аймақты газдандыру мақсатында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар шеңберінде ақпарат беруді ұйымдастыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.