Жамбыл облысында 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні әлеуметтік орталықтар мен мекемелерде мазмұнды мерекелік іс-шаралар өтті.
Шара барысында демеушілердің үлесінен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға жалпы 800-ге жуық қызмет алушыға азық-түлік себеттері табысталды.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында «Балалар – біздің бақытымыз» атты мерекелік шара өтті.
Онда орталық тәрбиеленушілері өз өнерлерін паш етіп, арнайы дайындалған сый-сияпатқа ие болды.
Осы күні балалардың шығармашылық көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, бұл орталықта бүгінгі таңда 107 бала тәрбиеленуде. Оларға «Ас-отау» аспаздық, «Сымбат» тігін, «Жібек» бейнелеу өнері, «Балауса» би, «Прима» театр, «Томирис» сұлулық мектеп үйірмелері арқылы кәсіби бағдар берілуде. Бұдан бөлек, мұнда футбол, еркін күрес, армрестлинг, баскетбол секциялары тұрақты жұмыс істейді.
Ал, облыстың білім мекемелерінде тәрбие сағаттары мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен «Жаздық жолдама 2024» — қайырымдылық жобасы іске асуда. Бүгін жоба аясында оқуда үздік көрсеткіштерге ие болып, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жетістікке жетіп жүрген облыстағы белсенді 1715 оқушыға жолдамалар табысталды. «QH Жаздық жолдама» жобасы — жазғы каникул кезінде 5-8 сыныптардың
оқушылары үшін зияткерлік және шығармашылық дамумен демалысты
қамтамасыз ете отырып, оқушылардың қоғамдық өмірге белсене араласып, қызығушылықтарын арттыруға бағытталған.
Наурызнама онкүндігінің екінші күні облыстың барлық аудандарында түрлі игі шаралар өтті.
Айталық, Сарысуда Жаңатас қаласының тұрғыны, жалғыз басты ана Роза Жақсыпейіловаға пәтер кілті табысталды. Қуаныш иесі бұл өзі үшін тосын сый болғанын айтып, жанашыр жандарға ризашылығын білдірді.
Ал, Мойынқұм ауданында «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасы аясында мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, аз қамтылған және жалғызбасты 200-ге жуық тұрғынға көмек көрсетілген.