Батыр рухына тағзым

0 13

Бүгін 9 мамыр — Жеңіс күніне орай, «Жеңіс» саябағында Кеңес Одағының батыры, қолбасшы, Қазақ елінің мақтанышы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының мемориалына жылдағыдай гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі мен еске алу шарасы өтті.


Салтанатты шара Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев, және ҰОС ардагерлері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ,Облыстық сот, Ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға келгендердің қатарында ҚХА мүшелері, біздің өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері де болды. Осы тұста ерекше атап өтсек, облысымыздың ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері 7-9 мамыр —Отан қорғаушылар және Жеңіс күні әскери мейрамдарын мерекелеуге жылдағыдай бар ықыластарымен белсене қатысты.

Күні бүгінге дейін сызаты кетпеген сұм соғыс құрбандарын еске алуға “Жеңіс” саябағына жиналған жұртшылықтың молдығы сонша, бірнеше қатардан бағандар құрап, қаз-қатар тізіліп тұрды. Бейбіт өмірдің қадірін білер әр адам батыр атамыз бен жамбылдық жауынгерлерді еске алып, бір минуттық үнсіздікпен рухтарына тағзым етті. Ерлігі мен елдігін болашақ ұрпағына аманат етіп кеткен Бауыржан атамыздың «мәңгі от- алауы» орналасқан ескерткішіне Жамбыл жұртшылығының атынан құрметпен гүл шоқтары қойылды.
Айта кетейік, бұл жеңіске аға буынның – аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың теңдессіз күш-жігері мен орасан зор құрбандықтарының арқасында қол жетті. Біз әрбір батырдың қосқан үлесін есте сақтаймыз, бағалаймыз және құрмет тұтамыз.
Қазақстандықтар 20-дан астам атқыштар дивизиялары мен басқа да құрамаларда шайқасты. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 4 қазақстандық екі рет Батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Саябақ іші Жеңіс күні мерекесіне арналған берекелі іс-шаралармен жалғасып жатты. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.