Жамбылдықтар Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті зор құрметпен қарсы алды

0 18

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Елдос Сметовті Жамбыл жұртшылығы Тараз қаласының шығыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, өңір тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, спорт жанкүйерлері, белсенді жастар қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.

Жамбыл облысы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі Олимпиада чемпионына ақ батасын берді.

Облыс әкімі Елдос Сметовке барша жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.

– Елімізге, туып-өскен жерің – Жамбыл төріне Олимпиада чемпионы болып оралуыңмен құттықтаймын! Бұл жеңіс – жалпы қазақстандықтардың, жамбылдықтардың ортақ қуанышы! Сен нағыз батырсың! Өзіңе сенім артқан Мемлекет басшысының, барша жанкүйерлердің, жамбылдықтардың үмітін ақтадың!

Сенің бұл жеңісің Жамбыл облысының 85 жылдығына тамаша тарту болды деп білемін!

Өзін бала кезден күнделікке жазып, Олимп шыңын бағындыруды армандадың! Сол арманыңа маңдай теріңмен жете білген нағыз ер азаматсың!

Кезінде Қажымұқан атамыз атой салған Париж төрінде жеңіске жетіп, данқты спортшы Жақсылық ағамыздың арманын 44 жылдан кейін орындай білдің!

Сенің есімің Олимпиаданың 3 дүркін жүлдегері ретінде ел тарихында қалатыны сөзсіз!

Қасиетті Әулиеата топырағынан дарыған тектілік, күш-жігерің сені осындай жетістікке жетеледі деп ойлаймын! Әр белдескеніңде барша жанкүйерлерің, әсіресе, жерлестерің – жамбылдықтар барынша тақым қысып, тілеуіңді тілеп отырды.

Бұл жеңісіңде – ата-анаңның, отбасыңның тәлім-тәрбиесі мен қолдауы, жаттықтырушыларыңның да зор еңбегі жатыр. Біз сені мақтан тұтамыз, — деді Ербол Қарашөкеев.

Елдос Сметовті қарсы алу рәсімі Ж. Жабаев даңғылы мен Ы.Сүлейменов көшесі бойынша көліктердің салтанатты шеруімен жалғасты.

Жол бойындағы жамбылдықтар чемпионға зор құрмет, ыстық ықыластарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.