Облыстық іріктеу кезеңі өтті

0 3

Ағымдағы жылдың 28 наурызында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты республикалық фестивальдің облыстық іріктеу кезеңі өтті.


Қазақстанның көпэтносты халқының мәдени мұрасын сақтау және насихаттауға бағытталған байқауға өңірлік Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары қатысып, халық әндері, халық билері, халық аспаптары бойынша жеке және топ болып өнер көрсетіп, бақ сынасты. Аталмыш сайыстар бойынша қатысушылардың өнеріне облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншісі, Мәдениет саласының үздігі Назима Үсенова және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың бөлім меңгерушісі Қарлыға Қанапина әділ бағасын берді.
Байқау аясында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы сөз алып, аталған фестивальдің Қазақстан халқының мәдени дәстүрлерін дамытып, халық шығармашылығын дәріптеу арқылы мәдениетаралық алмасуды нығайтуға кеңінен жол ашатындығын жеткізді.
Фестиваль барысында әртүрлі этнос өкілдері халық әндерін орындап, ұлттық мәдениеттің сан қырын көрсетті. Орыс, қазақ, украин, күрді, дүнген, қарашай-балқар, грек және басқа да халықтардың өнерлері паш етілді.
Атап айтсақ, халық әндері аталымында «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» ҚБ «Асыл Ана» халықтық вокалдық ансамблі «Көк тудың желбірегені», «Жамбыл жастарының вальсі», «Радонеж» орыс ЭМБ «Калинка» вокалдық ансамблі «Мама», «Белый тополь, белый клен», Днепро украин ЭМБ «Маричка» вокалдық ансамблі «Ти ж мене підманула», «У сусіда хата біла» әндерін орындады. Ал облыстық немістер қоғамы ЭМБ «Поющие сердца» вокалдық ансамблі «Көктем вальсі», «Я приеду в Казахстан», Қордай аудандық «Отечество» славян ЭМБ «Соседушки» халықтық вокалдық ансамблі «Ночь проходит, а я у порога», «Я на печке молотила» және осы бірлестіктің балалар вокалдық «Ромашки» ансамблі «Ой зоря, зорюшка», «Астана кеші» және Т.Рысқұлов ауданынан келген «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі халық әні мен ретро әндерден шашу шашты.
Ал жеке орындауда қордайлық Харлампий Мироненко «Синяя вечность» және тараздық Наталья Гирина «Сүгірдің термесі», «Пелагея-ой да вечер» әндерін нақышына келтіре орындады.
Аспаптық орындау кезеңінде облыстық «Радонеж» орыс ЭМБ «Русский наигрыш» аспаптық ансамблі «Светит месяц», «Фантазия» Лядовская және «Веснушки» қасықшылар ансамблі «Казачья танцевальная» және халық әндерінен попури орындады.
Сонымен қатар, би ансамбльдері арасында өткен сында қалалық білім бөлімінің оқушылар сарайының Үлгілі «Жас дәурен» балалар хореографиялық ансамблі, облыстық білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орталықтың «Бозторғай» тобы, облыстық гректер қоғамы ЭМБ «Infiniti» би ансамблі, «Архыз» республикалық ҚБ Бірлік-қарашай-балқарлардың облыстық филиалының үміткерлері «Деймох style» би ансамблі, «Вынхуа» дүнген ЭМБ «Цымый хуар» ансамблі, облыстық «Барбанг» күрділер ЭМБ «Күрді» би ансамблі, Достық үйі жанынан құрылған «Вдохновение» би ұжымы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.
Үш кезең бойынша бақ сынасқан іріктеу кезеңінде қазылар құрамының шешімімен халық аспаптары аталымы бойынша І орын «Веснушки» қасықшылар ансамбліне бұйырса, «Русский наигрыш» аспаптық ансамблі ІІ орынға ие болды.
Ал халық әндерін орындау бойынша қордайлық «Соседушки» ансамблі І орынды иеленсе, «Калинка» және «Маричка» өнер ұжымдарына ІІ орын бұйырып, «Асыл Ана» халықтық вокалдық ансамблі мен «Ромашки» ансамблі ІІІ орынға лайық деп табылды.
Және жеке орындау шеберлігі бойынша қордайлық Харлампий Мироненко І орынға иелік етіп, ІІ орын тараздық Наталья Гиринаға тиесілі болды.
Би аталымында «Бозторғай» би ансамблі жеңімпаз атанып, Үлгілі «Жас дәурен» балалар хореографиялық ансамблі ІІ орынға ие болса, «Деймох style» би ансамбліне ІІІ орын бұйырды.
Барлық жүлдегерлерді қазылар құрамы марапаттап, байқауға жоғары деңгейде атсалысқандары үшін алғыс білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.