Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар ауылында мәдениет үйі есігін айқара ашты. Бұл — аудан көлемінде пайдалануға берілген 22-ші мәдениет нысаны.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әкім жаңа нысан ауыл өмірінің мәдени тынысын арттыра түсетініне сенім білдірді.
Мәдениет нысанының жалпы ауданы — 885 шаршы метр. Құрылыс жұмысын «Талас-Құрылыс» серіктестігі жүргізіп, жобаға 266 миллион 879 мың теңге жұмсалған. Ғимарат ішінде 180 орындық көрермен залы, хореография залы, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер мен қызмет кабинеттері бар. Барлық талапқа сай жабдықталған.
Қызылқайнар ауылы бұрыннан өнерге жақын, талантты жастары көп елді мекендердің бірі саналады. Осы орайда жаңа мәдениет үйі ауыл балаларының шығармашылығын шыңдап, өз өнерлерін шыңдайтын орталыққа айналуы көзделуде. Болашақта бұл жерде театр қойылымдары, концерттер, түрлі байқаулар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.