Таразда дәрігерлік амбулатория ашылды

0 2
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 
Жаңа медициналық нысан Тараз қаласы Әулиеата ауданы Қызыл жұлдыз алқабында орналасқан.
Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде халықтың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым-бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қызыл жұлдыз алқабында заманауи дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп отыр.
Ел Президенті денсаулық сақтау саласында тиімді модель қалыптастыру арқылы барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Жаңа нысанда жергілікті халық тек ем қабылдаумен шектелмей, аурудың алдын алу мүмкіндігіне де ие болады, – деді облыс әкімі.
Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бұл денсаулық сақтау нысаны 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.
Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар, ересектер мен балаларға арналған консультативті-диагностикалық қызметтер ұсынылады. Сонымен бірге зертханалық диагностика, профилактикалық және скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Психолог пен әлеуметтік қызметкердің кеңесі де қарастырылған.
– Тарихы тереңде жатқан Қызыл жұлдыз ауылы Тараз қаласының құрамына кірді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан айтулы оқиға. Бүгін көптен күткен дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, халықтың жұлдызы тағы жарқырады, – дейді ардагер Тұрсынхан Нұрбаев.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 нысан халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл 4 нысанның құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базазын нығайтуға 6 млрд теңге қарастырылған.
Leave A Reply

Your email address will not be published.