Ағымдағы жылдың бірінші шілдесі күні «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес «Балам, заңнан аттама!» жобасы аясында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Отырысқа Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, білім саласы мен құқық қорғау органдарының басшылары мен мамандары, сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері, қоғам белсенділері, Ардагерлер және Аналар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына арқылы құқық қорғау саласын реформалау, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілікті арттыру және жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру қажеттігін баса айтқан болатын.
Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен өткен дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды білуге, оны құрметтеуге, адалдық пен әділеттілік құндылықтарына тәрбиелеу.
Модератор, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры, аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали іс-шараны ашып, Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиынның маңызына тоқталды. Ол құқықтық тәрбие – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамда қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту мақсатында қолға алынған жүйелі бастама екенін жеткізді.
Жиын Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаманның Заңға бағыну – азаматтық қоғамның ең маңызды тірегі туралы алғысөзімен басталды. Хамит Ерболатұлы өз сөзінде жастарға дұрыс құқықтық бағдар беру – бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыты және уақыт талабына сай екенін атап өтіп, қазіргі қоғам үшін аса маңызды тұстарын алға тартты.
Еліміздің болашағы – адал ұрпақ тәрбиелеу тақырыбында аталмыш жиынға арқау болған мәселенің бірі еді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық кеңесі мүшесі Қасымхан Төлендиев «Әділ қоғам» тақырыбындағы баяндамасында қоғамдағы әділеттілік пен ашықтықтың орнауы – сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа жол ашатынын айтып, бұл – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, сот жүйесінің ардагерлері Уәлиға Қайманова мен Күлзипа Әбдірахманова «Құқықтық сауаттылық отбасынан басталады» және «Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы» атты тақырыптар турасында баяндама жасап, бала тәрбиесінде құқықтық білімнің маңыздылығын арттырып, ата-ананың өмір салтында бала санасына заңға деген құрметтің қалыптасуында бұл тұжырымдама құқықтық бағыт беру үшін таптырмас құрал екенін айтты.
Жиында бұдан өзге құқықбұзушылықтың алдын алу шараларымен таныстырылды. Бұл туралы аймақтағы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың себеп-салдары мен мектеп колледждерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жиі өткізу қажет екенін айтты.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеген бұл жиында аймақтық ҚХА «Ассамблея жастары» ҚБ белсендісі, тіл жанашыры Эсмер Дурсунова мен «Жамбыл облысының жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Нәмелбек те болды.
Олар жастардың заңды білуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі – жауапты азаматтық ұстанымның көрінісі туралы пікірлерімен бөлісіп, замандастарын әділдікке және заңға құрметпен қарауға шақырды.
Жалпы жоба аясында өткен дөңгелек үстелде жаңа 2025-2026 оқу жылында, яғни қыркүйек айынан бастап, барлық аудандық, қалалық мектептерде, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерде TED-X форматында арнайы кездесулер өткізу жоспарланды. Бұл бастаманы жүзеге асыруға облыстық Ардагерлер, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, құқық қорғау органдарының мамандары мен ардагерлері, білім басқармалары мен бөлімдері және жастар ұйымдары белсене жұмылдырылады. Аталған кездесулер облыстың барлық өңірлерінде жүйелі түрде, арнайы бекітілген кесте бойынша өтетін болады. Шараға қатысқан сала мамандарына, мемлекеттік мекеме өкілдеріне және қоғам белсенділеріне осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Жергілікті әкімдіктер мен білім басқармалары тарапынан кесте түзіліп, жоспарлы әрі нәтижелі жұмыс жүргізу көзделіп отыр.
Жиын соңы пікір алмасып, Заң мен тәртіпке қатысты түрлі сұрақтарға жауап берумен түйінделді. «Балам, заңнан аттама!» дөңгелек үстелінің қорытындысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде Жамбыл облысы көлемінде кешенді құқықтық-ағартушылық жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.