Жамбылдық этнос жастары домбыраны ұлықтады

0 2

Ұлттық домбыра күні қарсаңында жамбылдық этнос жастары киелі аспапты қолға алып, күй күмбірлетті. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде өткен «Домбыра – халқымның жүрегі» атты байқау ұлттық өнерді ұлықтаған этнос жастарын анықтады. Өнер сайысы қазақ халқының мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін кеңінен насихаттап, талантты күйшілерді анықтауды мақсат етті. Аталған өнер сайысына облыстан 16 үміткер қатысты. Жас күйшілердің еңбегіне «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Төрехан Курпебаев және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің музыка бөлімінің оқытушысы Гүлвира Қосмұратова әділ бағасын берді.
Сайыс шартына сай, қатысушылар жергілікті күйшілердің күйлері мен еркін тақырыпта тағы бір шығарманы нақышына келтіре орындады. Атап айтсақ, сайыскерлер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер», Қазанғаптың «Ақ желең», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны», Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» және халық күйі «Тепеңкөк», «Салкүрең» секілді қазақ халқының шоқтығы биік туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Шараның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы сөз алып:
–Халық жазушысы Қадір Мырзаәлі атамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп құндылығымыз домбыраны ерекше ұлықтағаны мәлім. Ұлттық домбыра күні қарсаңында киелі Әулиеата өлкесінде ымыралы ынтымақта күн кешіп жатқан этномәдени бірлестіктердің жастары дәстүрлі өнер сайысына белсенді түрде атсалысады. Даланың үнін қара домбыра шанағында сарнатқан этномәдени бірлестік жастары күй атасы Құрманғазының, Жамбыл мақтанышы, күй абызы Әбдімомын Желдібаевтың, күйші Аман Малдыбаев сынды өнер қайраткерлерінің шығармаларын орындады. Бүгінгі талантты жастар алдағы уақытта елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен насихаттайды деп сенеміз, – деп атап өтті.
Қазылар құрамының шешімімен байқаудың бас бәйгесі «Ерке сылқым» және «Көңіл толқыны» күйлерін құйқылжыта орындаған «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Ариф Шамсутдиновке бұйырды. Айта кетейік, жеңімпазымыз республикалық, облыстық өнер додаларында топ жарған. Он екі жасынан бастап қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен Ариф бүгінгі таңда өзінен кейінгі жас буынға домбыра үйретіп келеді.
Жоғарыда аталған күйлерді орындап, шеберлігімен көпшілік көзайымына айналған «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының мүшесі Нұрғали Бекали жүлделі І орынға лайық деп танылды. Ал, күй атасы Құрманғазының «Адайын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» күмбірлеткен «Радонеж» орыс қауымдастығының мүшесі Нелли Баранецкая екінші орынға ие болса, өңірлік «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жүлдегері Даниял Құрбанов пен Меркі аудандық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің үміткері Кемаль Османов жүлделі үшінші орыннан көрінді. Байқауға қатысқан өзге де талантты жастар арнайы Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Осылайша, жас домбырашылар мереке қарсаңында қазақтың төл аспабына құрмет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.